Шетелдік БАҚ өкілдері оңтүстіктің киелі жерлерін аралады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іс-сапармен келген шетелдік БАҚ өкілдері киелі жерлерді аралап, қазақтың тарихымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен түркі әлемінің  рухани орталығына келген қонақтар ұлылар мекені саналатын Түркістан шаһарын көзбен көріп, Қ.А. Ясауи кесенесін аралады. АҚШ, Италия, Ұлыбритания, Египет, Испания, Жапония, Бразилия, Оңтүстік Корея, Канада, Австралия, Индонезия, Франция, Австрия, Қытай Халық Республикасы және Оңтүстік Африка елдерінен жиналған журналистер сонымен қатар кесененің аумағындағы тарихи орындарды тамашалап, ерекше əсерлерімен бөлісті. Сыры мен тарихы тұнған киелі орынның  қорық-музей қызметкері оларға экскурсия жүргізді. 

Әлемдік БАҚ өкілдерінің арасында әлемге әйгілі АҚШ-тың «Forbes» және «Фрилансер», Италияның ИА «INTERRIS», Испанияның «ElCultural» журналдарының, Оңтүстік Кореяның «JoongangIlbo» газетінің, Египет «Нил-Культура» және «OnTV» каналдарының да тілшілері бар саяхатшылар кейіннен Отырар ауданына сапарлады.

Аудан әкімдігінің қызметкерлері  оларды «Қобыз бен Домбыра» кешені жанынан күтіп алып, құрмет көрсетті. Мұнан соң қонақтар «Арыстанбаб» кесенесіне барып зиярат жасады. Аты әлемге әйгілі болған «Ежелгі Отырар» қаласының көне тарихы шетелдік журналистердің қызығушылығын оятты. Кезінде Мысырды билеген сұлтан Бейбарыс пен әлемнің екінші ұстазы саналған Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны кім-кімді болмасын ойсыз қалдырмасы анық.

Кесенені аралау барысында шетелдіктер Отырардың тереңнен сыр шертетін бай мұрасына қанықты. Әлемнің 15 елінен келген тілшілер арнайы жайылған дастарханнан дәм татып,  қазақтың ұлттық тағамдары құрт, қазы-қарта, шұбат және тағы да басқа аспен танысты. Оларға  отырарлық өнерпаздар ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндерін шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Соңғы жаңалықтар