Шетелдік 80 туроператор Астанаға келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада шетелдік және отандық туроператорлар үшін диалог алаңы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.

«Астана Конвеншн бюро» ЖШС ұйымдастырған турға Қытайдан, Ираннан, сондай-ақ ТМД елдерінен 80 туроператор қатысты. Олар отандық операторлармен қарым-қатынас орнатып, бірқатар келісім жасасты.

«Welcome to Astana» ақпараттық турының алғашқы екі күнінде біз Астанадағы қонақ үйлерді, медициналық, ғылыми, білім беру, спорттық және мәдени нысандарды араладық. Қазақстан астанасының «Бәйтерек», «Нұр-Әлем» сияқты бірегей ғимараттарында болып қайттық. Туризм саласы бірлескен жұмысты талап етеді. Ол қалалар, елдер арасындағы достықты нығайтып, адамдарды жақындастырады», - дейді ресейлік экскурсовод Вера Попович.

«Астана Конвеншн бюро» ЖШС-нің бас менеджері Әсел Қарбаеваның айтуынша, Астанада қазіргі таңда туризм саласының түрлі бағыттарын дамыту шаралары қолға алынып отыр.

«Біздің қалада оқиғалық туризмді дамытудың зор мүмкіндігі бар. Бұл тұрғыда Астананың әлеуеті зор. Өйткені бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдері Қазақстанның астанасын бейбітшілікке бастайтын орта ретінде таниды», - деп атап өтті Әсел Қарбаева.

«Welcome to Astana» ақпараттық туры үш күнге созылды.

 

Соңғы жаңалықтар