Шетелден ұрланған ақшаны қайтару: Ұлттық бюро Аxметовтің ісін мысалға келтірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен xалықаралық конференцияда жемқорлық мәселесі талқыланды. Шетелден ұрланған ақшаны қайтару жайы да сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Серік Аxметов пен Талғат Ермегияевтің ісін мысал ретінде келтірді.

«Бүгінде біз шетелдегі әріптестерімізбен бірлескен жұмысымызды күшейтіп жатырмыз. Оған заңсыз активтерді жылыстатуға қарсы әлемдік күрес те оң ықпалын тигізуде. Осы бағытта нақты нәтиже де жоқ емес. Мәселен, экс-премьер Серік Аxметовтің ісі бойынша бюджеттен ұрланған 360 млн теңге Біріккен Араб Әмірліктеріне шығарылған болатын. Аталған елдің құзіретті органдарымен бірлесе отырып, біз ұрланған ақшаны анықтап, республикалық бюджетке қайтардық» - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық бюроның жетекшісі Талғат Татубаев.

Осы орайда бюро басшысы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің қылмысын да еске алды.

«Сол кезде Ермегияев пен басқа да лауазымды тұлғалар көрмеге қызмет көрсетеді деген желеумен Германиядағы бір фирмаға 13 млрд теңге аударып берген. Осылайша, ұрланған ақшаны жеке мақсатта пайдалануға қарсы барлық шаралар қолға алынып жатыр», - деп атап көрсетті бюро басшысы.

Айта кетейік, 2001 жылдан бері Қазақстанда жемқорлық үшін 10 мыңнан астам адам сотталды. Олардың ішінде 2 экс-премьер, 17 төраға, министрлер мен олардың орынбасарлары, 15 облыс пен қала әкімдері, ұлттық компаниялардың 8 топ-менеджері, күш құрылымдарының 8 жетекшісі, генералитет бар .  «Әлі күнге дейін жемқор министрлер мен әкімдер шетелде тығылып жүр. Олардың барлығы 8 млрд доллардан астам қаржыны жымқырып кетті. Әрине, бірінші кезекте ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Әбілязов пен Храпуновтарды атап өткен жөн. Бүгінде олар саяси баспананың арқасында жазадан құтылып кетеміз деп ойлайды. Бірақ біз олардың жазадан құтыла алмайтынына сенімдіміз. Біз шетелдік әріптестерімізбен бірлесе отырып, әрбір жемқордың тиісті жазасын береміз, - деді  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров Астанада өткен xалықаралық конференцияда . Алдағы уақытта Жемқорлардың мүлкі көпбалалы отбасыларға таратылуы мүмкін . 

Соңғы жаңалықтар