Шетелдегі және оралман қазақ жастары өнер фестивалінің жеңімпаздары анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат Алматыда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында шетелдік және оралман қазақ жастары арасында «Алматы тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты өнер фестивалі аяқталды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған фестивальдің жеңімпаздары бүгін марапатталды.

Өнер додасында термешілер арасындағы сайыста бас жүлдені Қытай Халық Республикасынан келген Сәулежан Тақзия иеленсе, 1-орын Өзбекстаннан келген Бауыржан Ермекбаевқа, 2-орын Қытайдан келген Алтыншуақ Төлегенқызына, 3-орын Сәния Өнерханға бұйырды.
16 ақын қатысқан мүшайрадан бас жүлдені Әділет Ахмет «Атажұрт» өлеңімен жеңіп алса, 1-орын Айжан Тәбаракқызының, 2-орын Қызырбек Дүргінбайдың, 3-орын Еркебұлан Қолғанаттың еншісіне бұйырды.

Ал көркем сурет номинациясынан Үйсін Тұрсынбек бас жүлдені иеленді. Қылқалам туындысымен ерекшеленген Аршын Қабылбек 1-орынды, Ержан Юспуов 2-орынды, Жалын Бауырхан 3-орынға қол жеткізді.

Айта кетейік, фестиваль аясында Зұқа батырдың туғанына 150 жыл толуына орай, оның ұрпақтары тарапынан тағайындалған сыйлықтар арнайы жас өнерпаздарға тапсырылды.

Фестиваль қорытындысында «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев 20 дан астам елден 60-тан астам қонақ келгенін айтты.

«Фестивальға АҚШ, Англия, ҚХР, Түркия, Германиядан бауырларымыз келді. Биылғы фестивальдан шығарған қорытындымыз бар. Алда енді біз дәстүрлі ән сайысын бөлек номинация ретінде өткізуіміз керек екен. Термешілер арасына дәстүрлі ән де кіріп кетті. Осыны келесі жылы қолға аламыз.2017 жылы ЭКСПО-ның аясында Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Үкіметке хат жолдадық, Елбасының өткізетін уақытты белгілеуін күтеміз. Жылдың аяғына дейін уақыты белгілі болса, осы өнер фестивалін де құрылтай аясында өткізбек ойдамыз. Спорттық шараларды ұйымдастыру туралы да ұсыныстар түсіп жатыр, оны әлі алда көре жатамыз. Бүгінгі фестиваліміз нәтижелі өтті деп ойлаймын», - деді Талғат Мамашев.

Термешілер сайысында 3-орынды иеленген Қытайдан келген әнші Сәния Өнерхан «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстаннан кәсіпті білім алғысы келетінін айтты.

«Кәсіптік деңгейде білім алсам деп ойлаймын. Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында білім алғым келеді. Қазақстандағы өнер иелерімен аса байланысым жоқ, сол байланыс орнатқымыз келеді. Қазақстанға екінші рет келіп отырмын. 2013 жылы осы фестивальға шақырылып, 1-орын алғанмын. Бұл жолы дайындығым аздау болып, 3-орын алып қалдым», - деді Қытайдан келген өнерпаз.

Айта кетейік, аталған фестиваль шетелдегі дарынды қазақ жастарының бейнелеу, поэзия және музыка саласындағы шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған.

Оған 35 жасқа дейінгі жастар бұрын еш жерде жарық көрмеген туындыларын ұсынды. Сайыста суретшілер мен термешілер еркін тақырыпта, ал ақындар мүшәйраға ұсынылатын 3 өлеңінің екеуін отаншылдық пен Зуқа батырдың 150 жылдығына арнады.

null null null null null null null null null null null null null null null null null null null null null null null null null null null null  

Соңғы жаңалықтар