Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу: Қазақ балуаны Моңғолияның «Лашын» атағын араға 35 жыл салып жеңіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолияның «Лашын» атағын араға 35 жыл салып жеңіп алған қазақ - KAZNEWS

Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы Моңғолия халық төңкерісінің 96 жылдығына арналған ұлттық мерекеде балуандар арасындағы сынға түскен қандасымыз Серік Бердімұратұлы «Лашын» атағын жеңіп алғаны туралы жазады.

«Ұлттық мерекедегі «Надам» тойында Баян-Өлгей аймағының тумасы Серік Бердімұратұлы белгілі моңғол балуаны Т.Баасанхүүді жығып, мемлекеттік «Начин» (лашын) атағына ие болды. Осылайша Моңғолия елінің жақында сайланған жаңа президенті Халтмаагийн Баттулга мырзаның арнайы жарлығымен Б.Серіктің мемлекеттік «Лашын» атағын алғаны жария болды. Айта кетейік,  Серік өткен жылы осы жарыстың бесінші кезеңінде Моңғолия  чемпионы  Э.Оюунболдке жол берген болатын», - деп жазады аталған сайт.

 Моңғолия мемлекетінде аса беделді саналатын жарыста топ жарған Серік Бердімұратұлының бұл жеңісін халық ерекше қуанышпен қабылдап жатыр. Сол қатарда  Баян-Өлгей аймағы Құрылтайының төрағасы Бауыржан Дәлелұлы да ulgiinews.mn сайтында өз құттықтауын жолдаған.

null 

«Ассалаумағалейкүм, ардақты ағайындар! Кеше ғана  Ғұн елінің  2226, Ұлы Моңғол мемлекетінің 811, халық төңкерісі орнауының 96 жылдық мерейтойына арналған ұлттық «Надам» тойын есте қаларлықтай, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып жетерліктей дәрежеде атап өттік. Биылғы той аймағымыздың тарихында қалатын ерекше мереке болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 512 атан жілік балуандар белдескен сайыстан, халқымыздың көңілін көлдей шалқытып, араға 35 жыл салып мемлекеттік «начин» деген құрметті атаққа Бердімұратұлы Серік қол жеткізді. ААӨХ-ның атынан және аймағымыздың барлық халқы атынан шынайы алғыс айтамын!», - делінген құттықтауда. 

Серік Бердімұратұлы - 1994 жылы Моңғол елінің Бай-өлке аймағында дүниеге келген. Ол спортпен он жасынан бері шұғылданады.  Сумо, самбо, моңғол күресі және дзю-домен айналысады. Көптеген жарыстардың жеңімпазы. Атап айтқанда: самбо күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының екі дүркін (2010 және 2011) қола жүлдегері, жасөспірімдер арасында сумо күресінен Жапония ашық чемпионатының (2011) қола жүлдегері және жастар арасында әлем чемпионы (Гонконг, 2012). Моңғолдың ұлттық күресінен жастар арасында ел чемпионы (2012, 2014) және «Аймақ арыстаны» (2013). Дзюдодан жасөспірімдер арасында Моңғолия чемпионы (2009) және ересектер арасында (2014) күміс медаль иегері. Қазақша күрестен 2012 жылы Шымкент қаласында ұйымдастырылған Қажымұқан турнирінің жеңімпазы әрі «Еуразия Барысының» (2013) күміс жүлдегері атанған талантты қазақ ұланы. 

null 

Естеріңізге сала кетейік, моңғол күресінің өз жоралары, ережелері және өзіне тән ерекшеліктері бар: Салмаққа қарамайды, күрес ашық алаңда өтеді. Табаны мен білезікке дейін қолынан басқа дене мүшесі кімдікі бірінші жерге тисе, сол палуан жығылған болып есептеледі. «Надам» ұлттық мейрамында 512-ден 1024-балуанға дейін күреседі. Жұп болып күресіп, жеңілгендер жарыстан шығып отырады. Әр деңгейден өткен сайын арнайы марапатқа ие болады. «Начин»- «сұңқар-лашын» - бес тур бойынша жеңіске жетсе; «харцага»- «қаршыға» - алты турдағы жеңіс үшін; «заан»- «піл» - жеті турдағы жеңіс үшін; «гардь»- «қасиетті құс» - сегіз тур бойынша жеңіске жетсе; «арслан»- «арыстан» - тоғыз тур бойынша («арыстан» атағы бар палуанға беріледі); «аварга»- «бәйтерек» он тур бойы жеңіске жету үшін беріледі; 1024 балуан күресетін соңғы турда жеңіске жеткен адам осы мәртебеге ие болмақ. Бүгінде Моңғолия қазақтарының арасынан шыққан қандасымыз  Бақыт Одынайұлы 1981 жылы осы «Надамдағы» бес бірдей жеңісінен кейін «мемлекет сұңқары» атағын алған.

null 


Кебенек киген неге келеді дейміз - «Тарбағатай ақпарат» сайты

Қытайлық kztcxw.cc сайтында Бақытбек Құмархажыұлының «Кебенек киген неге келеді дейміз» атты мақаласы жарық көрді.

Аталған мақалада автор ұлтымыздың көне киім түрі «кебенек» туралы жазады. Бұл киімнің ерте кезде халық тұрмысында қандай ортада қолданылғаны баяндалып, ел аузында көп айтылатын «Кебенек киген келеді, кебін киген келмейді» дейтін сөздің астарына үңіледі.

null 

«Қазақ халқында  кең тараған, ежелден бері келе жатқан «Кебенек киген келеді, кебін киген келмейді» дейтін жұбату сөзі көп айтылады. Кебін деген барша қазақ баласына түсінікті болар, ол негізінен адам қайтыс болғаннан кейін жерлеу алдындағы кигізетін ең соңғы киімі. Ал, «кебенек» деген қандай киім? Кебенек - бүтіндей жаңа басылған киізден тігетін киім. Ол екі түрлі тігіледі. Бірі басындағы  күләпарасынан тартып, аяқтағы байпағына дейін бір тұлға етіп тігіледі. Белуардан төмен шалбар үлгісінде болып, аяқтағы байпағымен жалғасады. Ал, жоғары жағы ішік үлгісінде болып, онда түйме болмайды, әр жерінде байлайтын жібі болады немесе қаусырынып жата береді. Оны киімнің сыртынан кие береді. Ал  тағы бір түрі басында күләпарасы бар ұзын шапан үлгісінде, байпағы бөлек тігіледі. Кебенек киген адам суықтан қорықпайды, кез келген жерге шешінбей жата кетсе тө­се­ніш те,  жамылғы да керек емес. Сондықтан қыстың қақаған аяздарында ғана киілетін киім болған. Жылқышы, жоқшылар, ұзақ сапар шеккендер, жорықта түнгі күзетке шығатын әскерлер көп пайдаланған», - деп жазады автор.

Аталған мақалада автор кебенекті жайшылық уақыттарда жылқышылардың көп пайдаланғаны туралы арнайы тоқталып жазады. «Төрт түлік малдың ішінде ең қиыны жылқы күзеті болса керек. Жылқышылар күндіз кезек-кезек жылқы жайса, түнде кебенек киіп, жылқыларды көзден таса қылмай күзетіп отырған. Бұл киім киізден тігілгендіктен өте ауыр келеді де, жылқышылар көп жылқының ішіндегі жыра салып тойынған, күшті айғырларды ғана мінетін болған. Жылқы малы бір жерде тұрақтап тұрмайды, кейде үркеді, кейде бораннан ығады, сол себептен де семіз айғыр кебенек киген жылқышының мініс көлігіне әзер жараған», - деп жазады.

Мақала соңында  автор кебенек туралы халық арасында айтылатын нақыл сөздерге талдау жасап, жақсылықты ишаралайтын, жұбату мағанасында айтылатын кебенек сөзінің анық мәнін, болмысын танып, білуге үндейді.

null 

«Ертеден қазірге дейін кебенек киімі жақсылықтың белгісі ретінде саналып, «Кебенек киген адам қайда кетсе де түбінде бір келеді», дейтін жақсы лепес сөз санамызда жатталып қалған. Мәселен: адамдар ұзақ жерге сапар шеккенде, жастар алысқа оқуға аттанғанда жақындары алаңдап, қимастық танытып көңілі босаса, ауыл ақсақалдары «Жақсылыққа қуаныңдар, ол кебенек киіп барады емес пе» деп жұбату айтып жатады. Кейбір отбасы «Кебенек кигеннің тойын жасап жатырмыз» деп ұлан-асыр той жасайтын да болған. Адамдары жоғалып қайта табылса, сырқаттанып ұзақ жерге барып жазылса, белгілі себеппен, жер аударылып қайта оралса, туыс-туғандарымен қайта қауышса, жау қолынан қашып шықса,  ауылдағы үлкендер келіп құтты болсын айтып, «Өлмеген құл, алтын аяқтан су ішер», «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен өлер», «Кебенек киген келеді, кебін киген келмейді» деп қуаныштарына ортақ болып, ақ баталарын беріп жатады. Біз халқымыздың тұрмысында кең қолданылған, қазірдің өзінде сөз арасында жиі айтылып жүрген кебенектің қандай киім екендігін, өзге киімнен артықшылығын, қасиетін бүгінгі ұрпақ түсініп, біле жүрсе деген ниеттеміз», - деп түйіндейді.


Қырғыз экономикасы өсті -
ТРТ агенттігі

Қырғыз экономикасы биылғы жылдың жартысында 6,4 пайызға өсті, деп хабарлайды "Түркия Радио Теледидар" агенттігі сайты.

Ұлттық статистика комитеті төрағасының бірінші орынбасары Азамат Оросбаев баспасөз брифингін өткізіп, 2017 жылдың алғашқы жартысында Қырғызстанның ұлттық табысының 194 миллиард сом (2 миллиард 832 миллион 788 доллар) болғанын атап өтті. Оросбаев қырғыз экономикасының жылдың алғашқы жартысында 6,4 пайызға өскенін, өнеркәсіп өндірісінің 31,6 пайызға артқанын айтты. Инфляция 2,8 пайыз болды. 

null 

Елде азық-түлік,  картоп, алма және көкөніс тобындағы өнімдердің бағасы екі есе артты. Сұйық майдың бағасы - 3 пайыз,  дақыл бағасы - 6, күріштің бағасы - 2,6 пайыз, жұмыртқа -  9,5 және сүт өнімдерінің бағасы 7,3 пайыз арзандады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолия Президентін еліне ресми сапармен келуге шақырды - KAZNEWS

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулганы қазақ жеріне ресми сапармен келуге шақырды. Бұл жөнінде Қазақстан Президентінің жаңа сайланған Моңғолия басшысына жолдаған құттықтау хатында айтылған, деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

Құттықтау хатта Н.Назарбаев мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас пен тығыз ынтымақтастықты халықтар игілігі үшін одан әрі тереңдету жолында бірге күш-жігер жұмсауға дайын екенін білдірді.

null 

Қазақстан Президенті Х.Баттулгаға жауапты қызметінде мол табыс, Моңғолия халқына бейбіт өмір және гүлдену тілей отырып, әріптесін Қазақстанға сапармен келіп қайтуға шақырды.

 

Қазақстан Қырғызстанға 100 млн доллар инвестиция салады - «Фарс» ақпарат агенттігі

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одағының кедендік инфрақұрылымын салып, Қырғызстанның санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық жүйелерін нығайту үшін инвестиция салады, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

null 

«Фарс» хабар агенттігінің мәліметінше, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанмен Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде екіжақты экономикалық серіктестіктерге қатысты заңға қол қойды. Осы заңға сәйкес, Қазақстан үкіметі Қырғызстанның кеден саласы мен осы елге ветеринарлық зертханалар салу үшін 100 млн доллар көлемінде материалды көмек көрсетеді.

Материалды көмек кезең-кезеңімен жіберіледі. Тараптар  бөліктердің әрқайсына жеке техникалық көмек хаттамасын дайындап, қол қойып, бекітеді. Хаттамаларға сәйкес, материалды көмек ақша, құрал-жабдық, тауар, өнімдер мен оқыту қызметтері түрінде ұсынылады. 

  

Алтайда балуан Серік Қожабайұлы атындағы турнир өтті - «Алтай ақпарат» сайты

Қытай мемлекттік балуандар жарысының үш мәрте чемпионы Серік Қожабайұлының жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасындағы аймақтық турнир өтті, деп хабарлайды altxw.com сайты.

null 

Дәстүрлі өтіп келе жатқан Серік Қожабайұлы атындағы 10-шы турнирге Алтай аймағының 6 ауданы мен 1 қаласынан жиналған жас балуандар қатысты. ҚХР Алтай аймағының Қаба ауданында өткен балуандар жарысында 100 спортшы 10 салмақ дәрежесі бойынша белдесті.

null 

Жарыс екі күнге жалғасты. 

Серік Қожабайұлы - (1936-1994) ҚХР Алтай аймағы Қаба ауданында дүниеге келген. 1954 жылы Қытайдың  бірінші рет өткізілген  балуандар бәсекесінде бас жүлдені еншілеген. Осыдан кейін қатарынан үш мәрте ел чемпионы атанды.

null 


Шыңғыс хан кесенесінің Ордоста тұрғызылуының сыры неде
- Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

Қытайлық kazakcnr.com сайтында Гүлжан Зарқынбекқызының «Шыңғыс хан кесенесінің Ордоста тұрғызылуының сыры» атты мақаласы жарық көрді. Автор мақаласында Қытай Халық Республикасы Ішкі Моңғол автономиялық өлкесінің Ордос қаласына орналасқан Шыңғыс хан кесенесінің тарихынан сыр шертіп, сонда сақталған ұлы ханның құнды жәдігерлері туралы баян етеді.

null 

«ҚХР Ішкі Моңғол автономиялық өлкесінің Ордос қаласына орналасқан Шыңғыс ханның тасаттық беру кесенесі - моңғол халқы Шыңғыс ханның рухына табынып, тілек тілеп, медет сұрайтын орын. Олардың жүрегінде Шыңғыс ханның рухы сақталған орын оның қабірімен пара-пар. Ендеше бұл кесене не үшін осынша зор құрметке ие? Ордос қаласы Шыңғыс хан дүниеге келген де, дүниеден өткен де жер емес. Ал оның рухы не үшін осы арада сақталған дейміз?», - деп жазған автор мақаласында осы сауалдарға тарихи деректерге сүйене отырып жауап іздейді.

null 

Аталған мақалада Ордостағы тағаны ерте кезде қаланған киелі орынға 1956 жылы жаңа кесене тұрғызылғаны жазылған. Ал осы Ордос жерінде заманында ұлы ханның қандай құнды жәдігерлері сақталған?

null 

«...Ордос қаласындағы Шыңғыс хан кесенесінің бұрынғы аты Шыңғыс  ханның сегіз ақ ордасы. 1227 жылы Шыңғыс хан қайтыс болғанда ақ орда тігіліп, Шыңғыс хан жан үзердегі ақтық тынысы тиген түйенің шудасы және ертоқымы қатарлы заттар қойылып, күллі Моңғол халқы табынатын ең ұлы қасиетті жер болады. 15-ғасырда Ордостың Ижинкүре деген жерінде, яғни қазіргі Шыңғыс хан кесенесінің дәл орнында Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртенің, кіші әйелі Құланның заттарын, сондай-ақ Шыңғыс ханның ертоқымын, садағын, сүт шелегін, қасиетті тұлпарын, құнды архивтерін жинақтап, сегіз орда тігіп оларды жеке-жеке орналастырады. «Ордос» деген сөздегі «ордо» қазақ тілінде орда деген мағынаны білдіреді. Ал «С» көптік жалғау. Осылайша «ордос» қазақша «көп орда» деген мағынада. Ендеше Шыңғыс ханның жәдігерлері сақталған сегіз орданың Ордос аталуындағы бір себеп осы болса керек», - деп жазылған мақалада.

null null null 

Соңғы жаңалықтар