Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: Қытайда қазақтың атақты байына арналған ерекше музей бар

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл аптада әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздерінде жарық көрген, әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың тіршілігіне қатысты және басқа да алаш жұртын елеңдеткен өзекті жаңалықтардың бір шоғырын ұсынбақпыз.

«Иранның қазіргі дәуір әдебиеті» атты кітап қазақ тілінде жарыққа шықты - «Фарс» ақпарат агенттігі

null 

Иран елінің ақпарат таратушы көздерінің бірі parstoday.com сайтында танымал ирандық ғалым, доктор Ахмад Хатамидың «Иранның қазіргі дәуір әдебиеті» атты кітабы қазақ тілінде жарыққа шыққаны туралы ақпарат жарияланды. Кітапты парсы тілінен аударып, парсы тілі мен әдебиетінде кездесетін этномәдени сөздерге түсінік жазып, жалпы редакциясын басқарған - шығыстанушы-ирантанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Айнаш Қасым.

«Еңбекте прозадағы Джамалзаденің «Йеки буд, йеки набуд» (Ерте, ерте, ертеде...) (1921 ж.) деп аталатын новеллалар жинағы мен поэзиядағы Нима Йушидждың «Ғоғнос» (Жалынқұс) (1937 ж.) өлеңімен басталатын Иранның қазіргі дәуір әдебиеті (1921-2011 ж.ж.) жайлы жан-жақты мәліметтер және танымал жаңашыл ақын-жазушылардың өмірбаяндары саяси-әлеуметтік оқиғалар тоғысында қамтылған. Шығармаларының үзінділері түпнұсқа тіл - парсы тілінен қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, оқырманға ұсынылып отыр. Кітап зерттеушілерге, соның ішінде, әдебиеттанушылар мен шығыстанушыларға, фольклортанушыларға, студенттер мен магистранттарға, жалпы Иран әдебиетіне қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған», деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

Моңғолия президенті Қазақстанға ресми сапармен барады - ulgiinews.mn

null

Моңғолиядағы ulgiinews.mn ақпараттық порталы Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдож маусым айында Қазақ еліне ресми сапар жасайтыны туралы ақпарат таратты.

«Алдымыздағы маусым айында Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдож Қазақ еліне, Үкімет басы Жаргалтулгын Эрдэнэбат Ресейге ресми сапар жасайды. Бұл туралы Ел сыртқы істер министірі Мөнх- Оргил кешегі өткен баспасөз мәслихаты кезінде хабарлады. Атап айтқанда президент Цахиагийн Элбэгдож келер айдың 8-9 ы күні Қазақ елінің астанасы Астана қаласында болатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемелекет басшыларының кезекті кездесуіне қатысады. Ал Үкімет басы Жаргалтулгын Эрдэнэбат Ресей елінің Үкімет басшысының шақыруымен Санкт-Петербургта болатын халықаралық экономикалық форумға бармақ», деп жазады дереккөз.

Қытайдағы қазақ студенттері тоғызқұмалақ ойынының интернет нұсқасын жасады - CCTV

null  

Бейжіңде оқып жатқан қазақ студенттері ұлттық спортымыз тоғызқұмалақтың жаңа интернет нұсқасын жасап шықты, деп хабарлайды Қытайдың CCTV телеарнасының қазақ тілінде шығатын kazakh.cctv.com сайты.

Қытай орталық телеарнасы ресми сайтының мәліметінше, қытайлық студенттер бұл жобаны тоғызқұмалақ деп аталатын арнайы порталға орналастырып, Қытайдағы дәстүрлі студенттер көрмесінде ұсынған.

null

Тоғызқұмалақты интернет арқылы қазақ , ағылшын және қытай тілдерінде еркін ойнауға болады. Ойынның ережелер үш тілде анық түсіндірілген. Аталмыш бағдарлама нұсқасында ойын барысында кеңес аймағын құрып, өзара пікір алмасуына толық мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге бағдарламадағы әр ұпай сандары, ойыншылардың жүрістері ойын тарихы ретінде жазылып отырады және оған баға беріледі.
Қытайдағы өнертапқыш қандастарымыздан құралған тоғызқұмалақ зерттеу ұжымы бұл жобаны онан әрі жетілдіре түспек. Сол арқылы ежелден келе жатқан ұлттық ойынымызды жаңа заманға бейімдеп, жастардың санасына сіңіруге ниетті.

Қазақ қызы бокстан Қытайдың ең ірі жарысына жолдаманы жеңіп алды - «Жэньминь жибао» (People Daily)

null

Қытайдағы қазақтар көп қоныстанған Іле аймағы Құлжа қаласынан шыққан Тұнық Бүркітбайқызы Қытайдың бокстан ең ірі мемлекеттік жарысына жолдаманы жеңіп алды, деп хабарлайды kazakh.people.com сайты.

null

Қазақ қызы бұл ірі жетістігіне 18 мамырда Қытайдың Тянжин қаласында өткен 13-ші Бүкілмемлекеттік жарысқа іріктеу турнирінде қол жеткізді. Енді ол 2017 жылғы мемлекеттік (18 жастан 22 жасқа дейінгі) жарыста Шыңжаң қыздары атынан өнер көрсетпек.
Айта кетейік, Тұнық Бүркітбайқызы Шыңжаң әйелдері арасынан Қытайдың аталмыш ірі жарысына қатысқалы отырған тұңғыш боксшы қыз. Тұнық Бүркітбайқызы 2016 жылы қыздар арасындағы ел біріншілігінде 60 келі салмақта бас жүлдемен қатар, ең үздік жас талант сыйлығына ие болды.

Баян-Өлгий аймағы бәсекеге қабілеттілік индексінде 10-ші орында тұр - kaznews.mn

null

Моңғолиядағы kaznews.mn жаңалықтар сайты «ЭЗБӨЧСТөв» - тәуелсіз зерттеу орталығы Моңғолия аймақтарының бәсекеге қабілеттігін бағалаған жаңа рейтингін жария етті.

«Аймақтардың бәсекеге қабілеттігі туралы баяндаманы жыл сайын «ЭЗБӨЧСТөв» - тәуелсіз зерттеу орталығы 2012 жылдан бері шығарып келеді. Бұл рейтинг аймақтардың әл-ауқат әлеуетіне баға беру саласындағы ең беделді сараптама болып табылады. 2016 жылғы көрсеткіштер бойынша қазақтар шоғырлы қоныстанып отырған Баян-Өлгий аймағы Моңғолияда бәсекеге қабілеттілік индексінде 10-ші орында тұр. Батыс Моңғолияда Увс аймағы 9 орынға, Ховд 12 орынға жайғасқан», деп жазады Моңғолиялық БАҚ.

Жемиле Кынажының «Қазақ театрында әйел мәселесі» атты кітабы жарық көрді - ТРТ агенттігі

null

Еуразия жазушылар одағында Гази Университеті Замандас түркі тілдері мен әдебиеттері кафедрасының аға оқытушысы Жемиле Кынажының «Қазақ театрында әйел мәселесі» атты кітабының тұсаукесері болып өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Теледидар агенттігі сайты.

Іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы және Еуразия жазушылар одағы төрағасы Якуб Өмероғлу, Түріксой өкілі, жазушылар, ұстаздар мен студенттер қатысқан.

Аталмыш шарада сөз сөйлеген Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлу Еуразия жазушылар одағы жариялаған әдебиеттердің екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын дамытуға үлес қосқанын білдіріп, Өмероғлу Одақ құрылған күннен бері 10 жылда қазақ әдебиеті жөнінде түрік тілінде 20-дан астам кітаптың жарық көргенін тілге тиек еткен.

Оның айтуынша, «Қазақ театрында әйел мәселесі» атты кітабында автор Алашордашыл жазушылардың 1920-1928 жылдарында сахнаға қойылған спектакльдарындағы «әйел ұғымын» зерттеп, жалпы әйел мәселесін ашқан.

«Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы осы шараның жаңа елші ретінде тағайындалғаннан кейін Анкарада қатысқан алғашқы мәдени шара екенін айтты. Қазақ әдебиеті туындыларының түрік тілінде жарық көруінде Еуразия жазушылар одағының еңбегін жоғары бағалады», деп жазады дереккөз.

Қытайда қазақтың атақты байына арналған ерекше музей бар - «Іле» газеті

null

Қытайда шығатын «Іле» газетінде Жарқын Нұрәбілдаұлының «Барлық баурайындағы тағылымы терең орталық» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада соғыс кезінде ұшақ сатып алып көмекке атаған, қазақтың мыңғыртып мал айдаған жомарт байларының соңғыларының бірі Басбай Шолақұлына арналып салынған музей кешені туралы жазылған.

null 

«Қазақтың атымтай жомарт байы, қоғам қайраткері Басбай Шолақұлын қадірлеп еске алып, жас ұрпаққа өнегесін сіңіріп, сырттан келетін туристерге елдік болмысымызды дәріптейік деген мақсатпен 2006 жылы жергілікті биліктің қамқорлығымен Шағантоғай ауданының орталығында «Басбай музейі» шаңырақ көтерген болатын. Музей сол уақыттардан бері әлемнің әр түкпірінен келген туристерге өзіндегі бар құндылықтарымен рухани нәр сыйлап келеді.Мұржай кешенінің кіреберіс залына әйгілі тұлғаның мыстан құйылған мүсіні қойылған», - делінген мақалада.

null 

Айта кетерлігі, музей сол дәуірдегі тарихи оқиғалар, Басбай байдың дүйім жұртты жалт қаратқан жомарттығы, өскен өлкесінің өткені мен бүгіні, табиғаты туралы көптеген деректерді ұсынған.

null  

«Кешен «Басбайдың өмір баяны», «Ұлттық салт-дәстүр», «Тау гүлі», «Жергілікті жердің байлық қайнары», «Қол жеткізген жетістіктер» секілді бес шағын көрме залынан құралған. Мұржай сөресіне қойылған Зейнолла Сәніктің «Басбай» атты романы мен «Басбай туралы әңгіме - жырлар» кітабы; Серікқазы Мұстафинның «Басбай туралы деректі әңгімелер» жинағы; Елубай Әбілқасымұлының «Басбай» атты эссе кітабы көзімізге оттай басылды...», - деп жазады Жарқын Нұрәбілдаұлы аталмыш мақаласында.

null  

Қазақтың құт дарыған, байтақ жатқан ырысты даласында небір дәулеті тасыған атақты байлардың болғаны белгілі. Қазақ байларының өткен қоғамдағы орны мен мәртебесі, елге сіңірген еңбегі өз алдына бір бөлек әңгіме. Сол байлар кешегі күнге дейін көшпелі халықтың ортақ жиған қоры мен қазынасы болып келді. Міне сондай қазақтың мыңғыртып мал айдаған жомарт байларының соңғыларының бірі Басбай Шолақұлы Бапин. Осыдан біраз уақыттар бұрын ҚазАқпаратта «Соғыс кезінде ұшақ сатып алып көмекке атаған қазақтың атақты байы» туралы мақала жарық көрген болатын.

null 

Соңғы жаңалықтар