Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: Халқымыздың «құманға» қатысты әдет-ғұрыптары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Халқымыздың «құманға» қатысты әдет-ғұрыптары - «Тарбағатай ақпарат» сайты

1 

Қытайлық kztcxw.cc сайтында Нұқан Кәкешаұлының «Құманға қатысты әдет-ғұрыптар» атты мақаласы жарық көрді.

Аталған мақалада автор құманның халқымыздың тұрмысындағы қолданысы, ұзақ уақыт бойы құманмен бірге сақталып келген ұлтымыздың әдет-ғұрыптары, мәдени танымы, түсініктері, дәстүр заңдылықтары туралы мәйекті ой қозғайды.

«Құман - тазалықтың жаршысы. Қазақтың өткен тұрмысында құмансыз отбасы болған емес. Өзеннен, сылдырап аққан бұлақ, бастаудан әкелінген суды шөміш тектес шағын ыдыспен құманға құямыз. Құман суы әрқашан да ыстық немесе қатты суық болмауы шарт. Есте болатыны таңғы ас алдындағы беті-қолды жуғанда қолға өзара құманмен су құйыспайды, қалған жағдайдың бәрінде адамдар бір-біріне су құйып, құман арқылы да құрметін білдірісіп жатады. Ұлтымыз келінге жүзінің жылылығымен қоса, құмандағы суының жылылығына да қарап баға берген.Үйдегі құманның құр тұрмауы, құмандағы судың жылы, бабында болуы сол шаңырақтың келінімен тікелей қатысты деп қаралған. Келіннің күнделікті міндетінің басы таңертең ерте тұрып, киіз үйдің түндігін ашқаннан кейін ең алғаш ескеретіні құманның ішін тазалап, суын толтырып, көзін сүртіп, жаққан оттың жанына алдымен құманды қойып, ата ـ енесінің, үлкендердің дәрет алатын суына дайындық жасаудан басталады. Құман күндіз-түні отта тұратындықтан, ыстыққа төзімді, шойын, мыс, күміс немесе жез, қалайдан түрлі формада әшекейлі етіп жасалады. Бұл құмандарды ескіріп, көнерген кезде де, оны көненің көзі, құтты құман, атадан қалған асыл қазына деп бағалап әулеттің жәдігері санап сақтап қалатын отбасылар көп», - деп жазылған мақалада.

Автордың жазуынша, әрқандай адам су толтырылған құманды біреуге берерде ең алдымен суды өз қолына құйып көріп, одан қонақтың қолына құманмен су құю қонаққа деген үлкен құрмет саналады. Дала заңында құмандағы су қалыптан тыс ыстық немесе мұздай суық болғанда қарсы жақ айып тарттыруына құқылы делінген. Табақ тартылар алдында қонақтардың қолдарына құманмен құнттап су құйылады. Су құйылар алдында сулық орамалды дайындап алып, сол отбасындағы қолғанатқа жарағаны немесе жасы кіші баласы қонақтың қолына оңынан бастап су құяды. Ет желініп болып, табақ жиналғаннан кейін солынан бастап құманмен қайырып құйып, су құюшы қонақтардың ықылас, батасын алады. Соңғы құйылған бұл су қолдың майын алатындай жылы болуы шарт.

 Өлең болып айтылатын:

«Күміс құман ـ ай,

 отта тұрған ـ ай!

 айналайын көзіңнен,

 ашып ـ жұмған ـ ай!» немесе,

«Құман алған,

суға барған,

сұлуыңды сағындым» - деген сияқты ойнақы айтылатын ән әуеніндегі өлең жолдарында да құманның қасиетін сұлулардың бойынан іздеген.

Түрік әлемі спортшылары Бурсада бас қосады - ТРТ агенттігі

2 

Түркияның Бурса қаласында екінші рет ұйымдастырып отырған «Түрік әлемі Ұлттық спорт фестивалі» өтеді, - деп хабарлайды Түркия Радио Теледидар агенттігі сайты .

«Шараға 23 елден 215 спортшы мен мәдениет саласының 50 өкілі қатысады. Ұлттық спорт фестивалі 22-23 шілде күндері өтеді. Фестиваль аясында көкпар, күрес түрлері, ат жарыстар, мангала, садақ ату, асық секілді ұлттық ойындар ойналады. Сондай-ақ «Домбыра» әнінің авторы, ноғай ақыны Арыстанбек Сұлтанбеков және Киркүктен келген әншілер Ахмет Тузлу мен Осман Авджы сахнаға шығады. Ұлттық спорт фестивалінде қырғыз, қазақ, кавказ фольклоры және ақындар айтысы да көрсетіледі. Қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, түрікмен, татар, ноғайлардың қол өнерлері, мәдени бұйымдары мен ұлттық киімдері таныстырылады. Шара аясында сонымен бірге Көктүрік әліпбиін үйрететін сабақ беріледі», - деп жазады дереккөз.

Шыңжаңда халқаралық ұлттық би фестивалі өтті - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

3 

ҚХР Мәдениет министрлігі мен Шыңжаң өлкесінің халық үкіметі ұйымдастырған «V халықаралық ұлттық би фестивалы» Үрімжі қаласында «Шүлен шұғылаға шомғанда» атты салтанатты концертпен басталды, деп хабарлайды қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған халқаралық фестивалді 20 шілде мен 5 тамыз аралығында өткізу жоспарланған. Фестивалға шетелдер мен мемлекет ішінен 21 өнер ұжымы қатыспақ. Олар Үрімжі қаласындағы 6 театр орталығында өз өнерлерін көрсетеді.

31 33 34 35 

Қазақстан Ауғанстанның бейбітшілік үдерісін қолдайды - «Фарс» ақпарат агенттігі

4 

Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Астананың Ауғанстанның бейбіт үдерісін қолдайтынын мәлімдеді, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

«Тасним» хабар агенттігінің мәліметі бойынша, Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов сейсенбі күні ауғанстандық делегациямен кездесуде елінің Ауғанстанда лаңкестердің психикалық соғысымен күрес саласында да серіктестік жасауға әзірлігін жариялады.

Ауғанстан Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің баспасөз кеңсесі де мәлімдеме жариялап, Қазақстан республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақановтың Ауғанстан Президентінің Ұлттық Қауіпсіздік кеңесшісі Ханиф Атмармен кездесіп, сұхбаттасқанын хабарлады.

Атмар Қазақстан мен Ауғанстанның серіктестіктерін құптап, Ауғанстан мен Қазақстан президенттерінің екі елдің лаңкестікпен күрес саласындағы әріптестіктерін жалғастыру бойынша келісімге ие екендіктерін мәлімдеді.

«Сүйінбай сазы» ансамблі Анкарада концерт қойды - ТРТ агенттігі

51 

Қазақстан мен Түркия мемлекеттері арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай Алматы облысы Жамбыл аудандық мәдениет үйі жанындағы «Сүйінбай сазы» фольклорлық этнографиялық тобының әртістері Анкарада өнер көрсетті, деп хабарлайды Түркия Радио Теледидар агенттігі сайты .

«Анкара қаласы, Кечиөрен ауданының қонақжайлығымен Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшілігі және Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы «Түріксой» ортақ ұйымдастырған концерттік бағдарламада қазақтың ұлттық саз аспаптарының сүйемелдеуімен отандық және түріктің көпке танымал шығармалары орындалды. Концертке Қазақстанның Анкарадағы өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитет басшысы Мұстафа Ак, Түріксой бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ,зиялы қауым, қазақ диаспорасының өкілдері мен көптеген адам қатысты. Концерттің соңында «Сүйінбай сазы» фольклорлық этнографиялық тобының әртістері президент Режеп Тайып Ердоған мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап жазылған әндерді орындады», - деп хабарлайды ТРТ агенттігі.

52 

Моңғолиядағы ҚР Елшісі «Ақпарат саласының үздігі» медалын Айнагүл Сарайқызына табыс етті - kaznews.mn

6 

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қалыбек Қобландин Моңғолияның Журналистер одағының мүшесі, Моңғолиядағы «Арулар» одағының төрайымы және «Ару жұлдыздар» журналының бас редакторы Айнагүл Сарайқызына ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» медалін табыс етті, деп жазады моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

Марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі және Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 25 жылдығы мерейтойлары аясында ұйымдастырылды.

Қытайдағы қазақтар «Тұлпар» мерекесінде 10 мың жылқының шабысын тамашалады - Тяньшаньнет

7 

Қытай мемлекеті «Тұлпар мекені» деп таныған Іле қазақ автономиялы облысының Моңғұлкүре ауданында «Тұлпар» халықаралық туризм мерекесі аталып өтті, деп хабарлайды «Тяньшаньнет» ақпараттық порталы.

 Халқымыз қадірлеп, қастерлеген жылқы түлігіне арналған дүбірлі тойдың салтанатты ашылуында «тұлпар мен әлем», «жүйтку», «тұлпар жыры» сияқты үш бөлімді қойылым көрсетілді. Ал аталмыш шараның соңғы сәтінде «10 мың тұлпардың шабысы» атты жанды көрсетілім ұйымдастырылып, сахна алдынан мыңдаған сайгүлік жер төсін дүбірлетіп шауып өтті. Осы қойылымдарды көрсетуге арнайы жобаланған ерекше сахнаның жалпы аумағы 2000 шаршы метр болса, сахна төріне қолмен бейнеленіп салынған 3D үлгісіндегі алып тұлпар бейнесі көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

 Бұдан басқа мәдени шара аясында Араб жылқысы, таза қанды ағылшын жылқысы, Дон жылқысы, Буденный жылқысы, Қостанай жылқысы, моңғол жылқысы, қазақ жылқысы сияқты әлемге танымалы жылқы тұқымының 20 түрі көпшілікке көрсетілді. Сонымен бірге қазақ халқының ұлттық ойындары қыз қуу, көкпар, теңге ілу, бәйге секілді жарыстар өтті.

Айта кетсек, тарихтан бері текті тұлпарымен атағы шыққан Моңғолкүренің жылқы мәдениетінің тарихы ұзақ, тамыры тереңде. Іле жылқысын өсіру орталығы саналатын бұл ауданда 100 мың жылқы бар, мұның 90 пайызы Іле жылқысы, бұл Шыңжаңдағы Іле жылқысының 60 пайызын құрайды. Сондықтан Моңғолкүре бүкіл Қытай елі бойынша жылқы саны ең көп, жылқы сапасы ең жақсы аудан есептеледі. Қытай ауыл шаруашылық министрлігі 2003 жылы Моңғолкүре ауданына «Қытайдың тұлпар мекені» деген атақ берген. Аудан 2009 жылдан бастап дәстүрлі «Іле тұлпары халықаралық туризм мерекесін» ұйымдастырып келеді. 

72 73 74 75 76 77 

Соңғы жаңалықтар