Шетелде сотталған 11 қазақстандық жазасын Отанында өтейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы  шетелде сотталған 11 қазақстандық жазасын Отанында өтеуге мүмкіндік алады. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының  тапсырмасына сәйкес шет мемлекеттерде сотталған қазақстандықтарға жазаларын өз Отанында өтеуіне мүмкіндік жасауға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, бүгінгі күні Қазақстан 50-ден астам елмен сотталғандарды экстрадициялау және беру туралы келісім жасасқан.

«Біздің азаматтарымыз да жазасын Отанында өтеу үшін беріліп жатады. Өйткені, шетелде үлкен проблемалар туындайды.  Бірінші кезекте  тілдік кедергілер, қамауда ұстау шартттары сынды проблемалар бар. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр деп сеніммен айтуға болады. Ол үшін арнайы қызмет те құрылған және 11 адам түрлі мемлекеттерден елге оралады. Бұл бір жылдың мәліметі», - деді Андрей Лукин.

Бас прокурор орынбасарының сөзіне қарағанда, қазақстандықтар Қытайдан, Еуропа елдерінен, Ресейден және ТМД мемлекеттерінен қайтарылған.

«Бұл ретте Қазақстан Конституциясына сәйкес өз азаматтарымызды ешкімге бермейтіндігімізді естен шығармаған жөн», - деді ол.

Айта кетейік, Астанада заң ғылымының докторы, профессор Қалауша Бегалиевтің 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтуде. Шарадан тыс  БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Лукин Сириядан 4 баласымен оралған әйелдің лаңкестерге қатысының бар-жоғы тексерілетіндігін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар