Шекара қызметінің жұмысына қатысты ескерту жасалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысы Железин аудандық соты есірткі заттарын заңсыз тасымалдаған Ресей азаматына қатысты үкім, ал ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры атына жеке қаулы шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот материалдарына сәйкес, 2017 жылы 19 желтоқсанда М. есімді сотталушы Қырғызстан Республикасынан Қазақстан территориясына өткен. Мемлекеттік шекарада оны «Қордай» шекара қызметінің мамандары тексерді. Алайда сол кезде есірткі заттары табылмады. Бірақ 21 желтоқсанда Қазақстаннан Ресейге өтіп бара жатқанда «Үрлітөбе» шекара қызметі оның көлігінен заңсыз заттарды тапқан.

«Сот шешімімен М. есімді азамат Қылмыстық кодекстің 286-бабы 1-тармағы және 296-бабы 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 202 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Ал «Қордай» шекаралық бақылау бөлімі қызметкерлері өз міндеттерін дұрыс атқармай, наша түріндегі есірткі заттарды мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізуге жол бергені үшін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің атына жеке қаулы шығарылды», - делінген соттың ресми хабарламасында.

Айта кетейік, соттың жеке қаулысы мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен лауазымды тұлғаларды тәртіп бұзушылықтың болғаны жайында хабардар етуді көздейді. Бір айдың ішінде құзіретті мекемелер қолға алынған шаралар туралы хабарлауға міндетті.

Соңғы жаңалықтар