Шаймардан Нұрымов: Қазақстандықтардың мақсаты мен арманы бір

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 сәуірде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма алтыншы сессиясы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» күн тәртібімен шақырылып отыр. Демек, халықтың әлеуметтік жағдайын арқау еткен сессияның бұл жолғы маңызы да ерекше болмақ. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісі ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, Қазақстан ұйғырлары этномәдени орталығының төрағасы Шаймардан Нұрымовты сөзге тартып, айтулы шара жайлы пікірін білген еді.

«Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма алтыншы сессиясы «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» күн тәртібімен шақырылды. Бұл бес әлеуметтік бастама тек қазақстандықтарды емес, шетелді де дүр еткізгенін көрдім. Мысалы, жақында ғана біз парламенттік кездесумен Чехияда болдық. Чехияның депутаттары Мемлекет басшысының бұл әлеуметтік бастамаларына таң қалғанын жасырмай отыр. Шетелдік әріптестеріміз «Дүниежүзілік ауқымда экономикалық дағдарыс болып жатқан кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осыншалықты әлеуметтік бағыттағы жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді беріп отырғаны - ең алдымен өз халқына деген махаббатын көрсететінін» тілге тиек етеді. Мен шетелдік депуаттардың айтқанын сөзбе-сөз келтіріп отырмын», - дейді Шаймардан Нұрымов.

Оның айтуынша, осынау кезеңде жарияланған бес әлеуметтік бастама Елбасының жүрегінің кеңдігін паш етті.

«Бұл - чехиялықтардың Президенттің жұмысына берген бағасы. Шын мәнінде, әрбір бастама халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Студенттерге арнап, қосымша 20 мың грант берілмек. Демек, бұрынғы 50 мың грант 70 мың грантқа дейін өсті. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бұнымен шектеліп қалмай, ең алдымен студенттердің баспанасы - жатақхана құрылысы да ұмыт қалған жоқ. Өзіңіз білетіндей, 4 жылдың ішінде 75 мың студентке жатақхана салынғалы жатыр. Ол жатақханалар үшін мыңдаған жұмыс орын ашылатынын ескере беріңіз. Миллиондаған кірпіштің, жүздеген техникалардың жұмылдырылуының арқасында жұмыс орындары көптеп ашылады», - дейді мәжілісмен.

Шаймардан Нұрымов Ассамблеяның бұл жолғы сессиясында бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асырудың жолдары тереңірек қаузалатынына сенім білдірді.

«Мен өзім депутаттықпен қатар, өзіңіз де білетіндей, ҚХА кеңесінің мүшесі, сонымен қатар Қазақстан ұйғырларының төрағасымын. Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы ретінде айтарым, Қазақстандағы ұйғырлардың пікірі де - осы. Бұрын да БАҚ-қа айтып жүргенімдей, қазақ жерінде Қазақстан мәңгілік болатын болса, ол Қазақстан ұйғырларының тілі де, мәдениеті де, өзі де мәңгілік болады деген сөз. Себебі, мүдде бір. Қазақстандық ұйғырлар алдымызға қойған тапсырмаларды жүзеге асыруда септігін қосып келген, алдағы уақытта да қоса беретін болады. Өйткені, алдымызға қойған мақсат, талап, арман - бір. Мақсатымыз да, келешегіміз де бір. Міне, осы жайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-шы сессиясында айтылады», - деді Шаймардан Нұрымов.

Соңғы жаңалықтар