Шаxандағы үйдің от жағушысы әлі табылған жоқ - Қасымов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысынан кейін журналистерге сұxбат берген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxамбет Қасымов Шаxандағы жылу қазандығы жарылған үйдің от жағушысы әлі табылмай отырғанын жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде аталған оқиға бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу кезінде 1997 жылдан бері Шаxандағы 117 үйдің орталықтандырылған жылусыз қалғаны анықталды. Осыған байланысты кент тұрғындарына жылу мәселесін өздігімен шешуге тура келді. Осылайша, 97 үйде жай пештер орнатылса, 17 бесқабатты тұрғын үйде автономды жылыту қазандықтары қойылған болатын. Соның ішінде 14 үйдің қазандықтары жертөледе орналасқан.

«Бір шеті опырылып қалған үйдің қазандығы да 97-ші жылы орнатылған еді. 2004 жылы тұрғындардың есебінен жаңа қазандық қойылды. Сол кезде адамдар төрт от жағушыны жалдаған. Қазандықтың шекті температурасы - 95 градус. Одан асып кетсе, жарылыс болады. Сол күні жарық өшіп қалды. Соның салдарынан қысым көтеріліп, қазандық жарылған», - дейді Қ.Қасымов. 
Еске сала кетсек, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минуттар шамасында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Шахан кентінде көпқабатты үйдің құлағаны жөнінде арнайы хабар келіп түскен . Оқиға орнынан төтенше жағдайлар қызметінің күш құрылымдары мен арнайы техникалары жөнелтіліп, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді.

Қираған үйдің үйінділерінен 9 адамның мәйіті табылды. Олардың үшеуі ер адам, үшеуі әйел адам, тағы үшеуі балалар. 

Қираған үйге қатысты материал ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі бойынша бірыңғай сот алды тергеу тізіліміне тіркелді.
Құлаған үй 1987 жылы салынған. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес үйде 118 адам тұрған. Құлаған кіреберісте 25 тұрғын болған.
Сонымен қатар, 4 қаңтарда құлаған үйде кезекші болған от жағушыға іздеу жарияланды . 

Соңғы жаңалықтар