Шаруалар егінге қажетті субсидияға үйінде отырып өтінім бере алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда биылдан бастап жерді тыңайту, гербицидтер және лизинг бойынша берілетін субсидияларды автоматтандыру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Автоматтандыру ауыл шаруашылығын алға сүйрейді» тақырыбында өткен баспасөз мәслихаты барысында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді дамыту және АӨК-тің цифрландыру департаментінің директоры Бауыржан Айымбетов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Биыл субсидиялаудың үш бағыты бойынша: жерді тыңайту, шөпжойғылар(гербициттер) және лизинг бойынша процестерді толығымен автоматтандыру жоспарланып отыр. Осы шаралардың барлығының электронды түрге ауысуы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоятынына сеніміміз кәміл. Екінші жағынан, бұл фермерлерге де тиімді. Өйткені, шаруа өзінің негізгі жұмысынан көңілі бөлінбей, құжаттарды кезекке тұрмай, тез дайындай алады», - дейді Бауыржан Айымбетов.

Демек, Қазақстанның кез келген түкпіріндегі диқан немесе егінші интернет арқылы субсидияның аталған үш бағытына өтінім бере алады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне ол тек субсидия алу жөнінде өтінім өткізуі тиіс. Бірақ, шеттегі диқанның интернет тілін білу-білмеуі екінші мәселе екені белгілі. АШМ егіншілік департаментінің директоры Ажар Қажыбекованың айтуынша, еліміздің барлық өңірлерінде, аудандарында бұл процестің электрондық әдісін түсіндіріп беру үшін 4,5 мыңға жуық маман арнайы оқытылған.

«Өтінім беруші өзінің тұрғылықты мекеніндегі ауыл шаруашылығы бөліміне өтінім өткізгеннен кейін 5 күн күтеді. Яғни, субсидия беріле ме, жоқ па - бес күннен кейін белгілі болады. Ауыл шаруашылығы бөлімі өтінім берушіден субсидия алу туралы өтінімнен басқа ешқандай құжат қабылдамайды. Ол өзінің үйінде отырып-ақ, барлық қажетті құжаттарды электронды пошта арқылы жібере алады. Демек, біз бұл процеске барынша адамды араластырмай, бәрін де автоматты түрде іске асыруды көздейміз. Егер өтінім беруші интернетті білмесе, онда ол Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жұмысын сондағы мамандардың кеңесі арқылы жүзеге асыра алады. Шешім қабылдауда адами фактор әсер етпейді», - дейді Ажар Қажыбекова.

Минералдық тыңайтқыштар бойынша субсидия беруді автоматтандыру осы жылдың қазан айынан бастап іске асыру жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар