«Шапағат» өнертапқыштар конкурсы жаңа форматта өткізілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Шапағат» өнертапқыштар конкурсы жаңа форматта өткізілмек, деп хабарлайды ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚР Әділет министрлігі мен «Ұлттық зияткерлік менщік институты» халық арасында өнертапқыштық белсенділікті ынталандыруға бағытталған жобаны іске асыра бастады. Жоба аясында «Шапағат» республикалық форум» интернет-ресурсы әзірленді, онда электрондық форматта Өнертабыстар жәрмеңкесі, «Шапағат» республикалық конкурсы және жас өнертапқыштар арасында «Болашақ сенің қолыңда: ойлап тап та жасампаз бол» конкурсы өткізіледі.

 «Шапағат» өнертапқыштар конкурсына қатысу үшін өтінімдерді қабылдау 26 сәуірден басталады және 26 маусымда аяқталады. Интернет ресурстарды пайдаланушылар арасында дауыс беру 27 маусымнан 30 қыркүйекке дейін өтеді. Қорытындылары 2017 жылғы 15 қазанда жасалады.

Оқушылар арасындағы «Болашақ сенің қолыңда: ойлап тап та жасампаз бол» конкурсына Қазақстан Республикасының жалпы білім беру мекемелерінің 8-11 сынып оқушылары қатыса алады. Конкурс 2017 жылғы 26 сәуірде басталады және 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Өнертабыстар жәрмеңкесі өнертапқыштарға өз өнертабыстарын өзіндік жылжытуға, қосымша мәліметтерді орналастыруға, өз өнертабыстарын өндіріске енгізу үшін бизнес серіктестерді іздеуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде әлеуетті инвесторлар жәрмеңке алаңында орналасқан өнертабыстарға қол жеткізе алады. «Шапағат» өнертапқыштар конкурсы аясында интернет пайдаланушылар әлеуметтік желілер арқылы онлайн-дауыс беру жолымен олардың ойынша ең жақсы деген өнертапқыштарды таңдайды.

Байқауға қатысты мәліметтерді толығырақ adilet.gov.kz  және kazpatent.kz  сайттарынан алуға болады.

Соңғы жаңалықтар