Шаңғы: Полторанин әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин Словенияда өтіп жатқан әлем кубогы кезеңінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

А.Полторанин өзінің оң жамбасына келетін классикалық әдіспен 15 км қашықтықта жарысудан қамшы салдырмай, мәреге бірінші болып жетті. Екінші орын алған норвегиялық Йоханнес Хоэсфлёт Клэбо Алексейден 13,2 секундқа қалып қойды. А.Полтораниннен 42,8 секундқа кейін келген швециялық Калле Хальварссон үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, бұл - қазақстандық шаңғышының Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада қарсаңында маусымдық жарыстардағы төртінші жүлдесі. Бұдан бұрын ол 17 желтоқсан күні Италияның Тоблах қаласында әлем кубогы кезеңінде 15 км қашықтықта классикалық тәсілмен ізге түсіп жарысуда қола жүлдегер атанса, жаңа жыл алдында Ленцерхайдеде (Швейцария) «Тур де Ски» кезеңінде классикалық әдіспен 15 км қашықтықта жүгіруде мәреге екінші болып жеткен болатын. Сосын Италияның Валь-ди-Фьемме қаласында 6 қаңтар күні «Тур де Ски» кезеңінде 15 км қашықтықта классикалық әдіспен көпшілік жарыста талай мықтыны артқа қалдырып, чемпион атанған еді.

Сөйтіп Алексей Полторанин қысқы олимпиадаға дайындығы жақсы екендігін көрсетуде. Әрине, ең басты мақсат та төрт жылда бір рет өтетін айтулы додада топ жару екендігі белгілі.

Соңғы жаңалықтар