Шәмшінің шығармашылық кешінде жаңа әні орындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың біртуар таланты, вальс королі, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың еш жерде айтылмаған жаңа әні табылды, деп хабарлайды Хабар24kz. 

Шәмшінің «Көктем әні» шығармасы алғаш рет Алматыда өткен сазгердің шығармашылығына арналған концертте орындалды.

Кештің тағы бір ерекшелігі Шәмші еңбектерін опера әншілері жанды дауыста шырқады. Бұл әннің қолжазбасын Шәмші Қалдаяқов көзі тірісінде КСРО-ның халық әртісі Роза Жамановаға берген екен. Жылдар өтіп, мұрағатында жатып қалған әнді Роза апамыз өмірден өтерінде шәкірті, опера әншісі Балапан Жұбаеваға аманаттайды. Қолына түскен туындыны зерттеп, зерделеген әнші бұл әннің еш жерде орындалмағанына және әнде Шәмші Қалдаяқовтың өзіндік мәнері, қолтаңбасы бар екеніне көз жеткізеді. Қайта жаңғырған ән сазгердің шығармашылығына арналған кеште алғаш рет орындалды.

«Әкемнің әндері әр қазақтың құлағында. Әннің бір сөзін естісе болды, іліп алып, бірге шырқайды. Шәмші шығармашылығының ерекшелігі осы. Оның әндері халықтың сүйіктісіне айналды. Бүгін орындалған жаңа ән де тыңдарманның жүрегінен орын алары сөзсіз»,-дейді Ш.Қалдаяқовтың ұлы, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры дирижері Мұхтар Қалдаяқов.

Бірнеше ұрпақты лирикалық туындыларымен сусындатып келе жатқан Шәмші әндерін өз репертуарына қоспаған әнші кемде-кем. Бұл кеште Абай атындағы опера және балет театрының әншілері тыңдарманның жүрегінде жатталып қалған әндерді өзгеше өңмен, оркестрдің сүйемелдеуімен табиғи дауыста шырқады.

«Бұл әндер - менің өзіме өнерге жолдама берген әндер. Баяғыда 1993-1994 жылдары Шымкент қаласы мен Жамбыл қаласында екі рет осы Шәмші ағамыздың әндерінің конкурсы өтті. Сол кезде осы әндерді айтып, лауреат болғанмын». Абай атындағы МАОБТ жетекші солисі Гүлзат Дәуірбаева.

Соңғы жаңалықтар