Шәмші Қал­даяқовтың «Кубань» ерекше мұрасы Ұлттық музейге тапсырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ұлттық музейге сый-тарту» шарасы қолға алынғалы бері мұражай қоры еліміздің қоғам және мәдениет қайраткерлерінің небір құнды жәдігерлерімен толығуда. Енді олардың қатарына қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қал­даяқовтың пианиносы да қосылды.

Астана ақшамы газетінің жазуынша, музей қорына тапсырылған дүние - ұлы сазгер Шәмші Қал­даяқовтың «Кубань» деп аталатын пианиносы. Бұл музыкалық аспапты композиторға 1965 жылдың 4 ақпанында Шымкент жастары сыйға тартқан.



Жалпы, бала жасынан музыкаға құмар болған Шәмші пианинода ойнаумен қатар домбыра шертіп, сырнайды да тартқаны айтылады. Ауылына келген сыған жігітінен мандолинаны сатып алғаны жайлы да дерек бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева Шәмші мектеппен қош­тасу кешінде Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін мандолинамен орындап, ауылдастарының алдында мерейі өскенін жазады.

Айта кетейік, композитор бұл музыкалық аспапты сыйға алған жылы Қазақстан Комсомолы сыйлығымен марапатталды. Ал 1991 жылы Халық әртісі атанды. Композитордың ғұмыры осыдан 26 жыл бұрын осы ақпан айында үзілді. Өмірінің соңғы жылдары киген қаракөл бөрігі де Астанадағы музейде сақтаулы.

Шәмші Қалдаяқов (1930-1992 жж) - аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі.

Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келді. Бала кезінен бойындағы бар талантын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білді. 1950 жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды.

Композитордың «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Жарқырайды Жезқазған», «Қарқаралы», «Мойынқұмда», «Менің Қазақстаным», «Теңізде - толқында», «Ақмаңдайлым», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Әнім сен едің» сынды орны ерекше 300-ге жуық әні бар. 

Соңғы жаңалықтар