Шалғайдағы ауылдар интернетсіз қалмайды - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан бұл аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Отырысты ашқан Президент әскери жаттығу барысында қаза тапқан 7 әскери қызметкердің туыстары мен жақындарына барша Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтты.

«Жамбыл облысында қар көшкіні салдарынан болған қайғылы оқиға туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Олардың әрқайсысы елінің нағыз патриоты болып, өз әскери міндетін соңына дейін атқарды. Қорғаныс министрлігіне қаза тапқан сарбаздардың отбасыларының бәріне жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырамын. Мемлекеттік комиссия болған оқиғаның себептерін анықтауда. Мұндай қайғылы жағдай болашақта қайталанбау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», - деді Елбасы.

Елбасы құзыретті мемлекеттік органдардың күш-жігері арқасында өткен кезеңде Қазақстанда сыртқы қауіпсіздік пен ішкі саяси тұрақтылық қамтамасыз етілгенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті қазіргі кезде қауіптілігі өзекті болып отырған экстремистік және террористік әрекеттерге қарсы тұру ең әуелгі міндет болып табылатынын айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдарға басқа да салалар мен бағыттарға қатысты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет қойды.

 

Ғылымды дамытуда бірқатар нақты міндеттер белгіледі

Осы аптаның ортасында 22 ақпан күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ғимаратында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған Жалпы жиналыстың салтанатты сессиясы өтті. Шараға еліміздің және шетелген келген беделді ғалымдары қатысты.

Мемлекет басшысы сессияға қатысушыларды Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдығымен құттықтап, оның заманауи Қазақстанды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

«Бүгінде Ғылым академиясы салалық және өңірлік бөлімшелері бар ірі зияткерлік орталыққа айналды. Бұл ретте ол Франция, АҚШ және басқа да елдердегі ғылым академиялары сияқты ғылым үшін жат нәрсемен - әкімшілендірумен айналыспайды. Ғылым саласын орталықтандырудың, онда қалыптасатын монополияның тиімсіз екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр», - деді Президент.

Н. Назарбаев Қазақстан ғылымының қалыптасуындағы Академияның еңбегін ерекше атап өтіп, еліміздің ғылыми әлеуетін «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауды іске асыруға пайдаланудың маңыздылығына назар аударды.

Сонымен бірге, Елбасы отандық басқару жүйесі мен ғылыми қызметті үйлестіруге қатысты бірнеше өзекті мәселеге тоқталды.

«Біз ғылымды орталықсыздандырдық. Көптеген бөлігін жоғары оқу орындарына бердік, алайда олардың бәрі әлі инновациялық орталықтарға айнала қойған жоқ. Қазақстанның ғалымдары өз жұмыстарын белсенді түрде патенттеуде. Бірақ олардың басым көпшілігіне сұраныс жоқ. Ғылым негізінен мемлекет есебінен қаржыландырылуда. Іс жүзінде нақты сектордан тапсырыс түспей жатыр. Сонымен қатар, ғылыми жұмыстарда плагиат жиі кездеседі», - деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай Қазақстан Президенті отандық ғылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды түбегейлі өзгертуді тапсырып, осы бағытта бірқатар нақты міндеттер белгіледі. Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне Академиямен және жоғары оқу орындарымен бірге отандық ғылыми басылымдарды халықаралық рейтингтік базаларда ілгерілету жұмыстарын жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін үздік зерттеушілерге қосымша гранттар тағайындау, сонымен бірге Орталық Азия елдерінің жас ғалымдарына Қазақстанда ғылыми зерттеу жүргізу үшін грант бөлу мәселесін зерделеу жөнінде тапсырма берді.

 

8 наурызда көктемгі кезеңге болжам жасалады

Бұл аптаның басында өткен Үкімет отырысында көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі қаралды. Министрлер кабинетінің мүшелері көктемде су тасқынына байланысты болуы мүмкін қатерлерді алдын алу мәселелері тыңғылықты талқыланды.

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев су тасқыны кезеңіне негізгі болжам 2017 жылдың наурыз айының бірінші онкүндігінде құрастырылатынын хабарлады. Қазірдің өзінде алдын ала болжам дайындалған. Су тасу кезеңінде Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өзендердің су көлемі 30-50 пайызға нормадан артық болуы мүмкім. Осы орайда ол су деңгейінің қауіпті көрсеткішке жетуі ықтимал екенін, яғни су басу мүмкіндігін ескеру керектігін атап өтті. Ал Астана су қоймасында өткен жылғы көлем болады деп күтілуде.

Оның сөзіне қарағанда, көктемде Қарағанды облысындағы өзендердің су деңгейі жылдық нормада болжанып отыр. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарында өзендер бойынша су көлемі нормадан аз көрсеткіште байқалуда. Алайда, Ресей аймағында қардың қоры мен ылғал деңгейі жоғары болғандықтан, еліміздегі аталған облыстардағы өзендерде су деңгейінің жағдайы назарда болуы керек.

«Республикадағы таулы жерлерде ылғалдың ауқымды жиналуына байланысты Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарындағы өзендердің су көлемі көктемгі және жазғы кезеңде 15-40 пайызға нормадан жоғары болмақ», - деді министр.

 «Бүгін біз бастапқы болжамды баяндадық. 7-8 наурызда біз сәуір-мамыр айларына соңғы болжамды жариялаймыз», - деді Бозымбаев.

Отырыс барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қар суын ауыл шаруашылығына пайдалануды ұсынды.

«Мемлекет басшысы жаңа су қоймаларын салуды тапсырды. Қар көп, бұл жақсы. Бірақ, оны тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығына жарату қажет. Бұған қоса, елді мекендерден де бұрып әкетеміз. Мұны кешенді қарау керек. Мүмкін 1-2 жыл қажет болар. Бірақ, бұл проблемаға қайтып оралмау үшін түбегейлі шешу керек», - деді Сағынтаев Үкімет отырысында.

Сонымен қатар ол жылдан жылға су тасқынына қатысты проблема шешілмей отырғандығын, қандай күрмеулі мәселелердің бар екендігін өңір әкімдері жақсы білетіндігін баса айтты.

«ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, 6 жылда жергілікті бюджеттерден 17,9 млрд. теңге бөлінген. Бұған қоса республикалық бюджеттің 30 млрд. теңге қаржысы бар. Бірақ, ең қорқыныштысы мұндай жағдайларда сол бір жылдары адамдардан айырылып қалдық. Адам өмірін ешқандай да ақшамен өлшеуге болмайды. Сондықтан әр уақытта апаттан кейін республикалық бюджеттен ақша сұрай бермей бір рет бас қосып, кімде қандай проблема бар екендігін біліп, барлығын да бірден тәртіпке келтірейік», - деді Сағынтаев.

 

Шетелдіктер Қазақстанға өз бетінше келіп жұмыс істей алады

Осы аптада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Тамара Дүйсенова Қазақстанның өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтары келешекте мардымсыз зейнетақы алып, медициналық қызметтен қағылуы мүмкін екенін айтты.

Дүйсенованың атап өтуінше, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың зейнетақы жинағына қатысты проблема бар. «Бұл ретте сіздердің назарларыңызды өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 2013 жылдан бері оң нәтиже көрсете бастағандығын айтқым келеді. Салық комитетінде тіркелгендердің 31 пайызы сол жылы зейнетақы жарнасын төледі. 2016 жылы бұл сан 40 пайызға жетіп, жарна сомасы бір жылда 38,7 млрд. теңгеге жетті. Дегенмен, оқтын-оқтын проблемалар туындап отырады. Олар салық заңнамасына сәйкес 4 рет аударым жасайды», - деді министр.

Дегенмен, оның сөзіне қарағанда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында проблемалы топтар да бар.

«Өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деп аталатын тағы бір топ бар. Біз ол жайында үнемі айтып келеміз. Егер осы топ қатыспайтын болса, онда олар зейнетақының бір түрі - базалық зейнетақы ғана алады. Алдағы уақытта бізді ынтымақты емес жинақтаушы жүйесінен зейнетақының үлкен көлемі күтетіндігін ескерсек, онда қазірден бастап бізге бұл санаттағы халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне және алдағы уақытта іске қосылатын медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жұмыстарын жандандыруымыз қажет», - деді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 10 наурызына дейін Еңбек министрлігі жергілікті атқарушы органдар тарапынан бүгінгі таңда әлеуметтік төлемдер алып отырған адамдардың саны, зейнетақы жарнасын төлеушілер және зейнетақы жүйесіне қатыспаушылар туралы нақты ақпарат алатын болады.

«Бұл адамдармен жеке-жеке жұмыс істеу қажет. Қажет болған жағдайда оларды Жұмыспен қамту орталықтарында тіркеген жөн. Оларға жұмыссыз немесе өнімсіз жұмыспен қамтылғандар санатын беріп, жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қолдау көрсету керек», - деді министр.

Бұдан бөлек, министр бос жұмыс орындары мәселесіне тоқталды. Өткен жылы Қазақстанда жұмыс берушілер жария еткен 26 мың жұмыс орны жабылмай қалды. Бұл бос жұмыс орындарында экономикалық тұрғыда белсенді жастардың 26 пайызы үміткер бола алмады. Өйткені, олардың мектептегі білімдері ғана бар.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, отандық жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген түлектердің басым бөлігінің мамандығына еңбек нарығында сұраныс жоқ немесе олардың біліктіліктері жұмыс берушілердің талаптарына сай келмейді.  Мұндай трендтің алдын алу және еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру үшін Мемлекет басшысы өнімді еңбек және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

«Оның басты мақсаты - азаматтарды еңбек нарығында талап етілетін кәсіпке немесе кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқытуды ұйымдастыру», - деді Дүйсенова.

Сонымен қатар министр алқа мәжілісінде шетелдіктер Қазақстанға өз бетінше келіп жұмыс істей алатынын айтты.

«Ағымдағы жылдың басынан бастап Қазақстанда шетелдік жұмысшыларды жұмысқа тартудың жаңа әдісі іске қосылды. Ендігі уақытта жұмыс беруші әрбір шақырылған маман үшін сала мен жұмысшының біліктілік деңгейі бойынша сараланатын көлемде алым төлейді. Шетелдік білікті кадрларға Қазақстанға өз бетінше келіп, экономиканың басымдықты салаларында талап етілетін кәсіпкер тізіміне кіретін мамандық бойынша жұмысқа тұра алады», - деді Тамара Дүйсенова.

Осы ретте министр жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер шетелдік мамандарға рұқсат беруде, сондай-ақ оларға жұмыс пен ұсыну және жалақы белгілеу барысында заңнаманы қатаң сақтауы тиістігін баса айтты.

  

Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жобасы енгізіледі

Бұл аптаның соңына қарай Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатына ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев  қатысты. 

«Елбасы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Осы арқылы цифрлық индустрияны, ІТ саланы дамыту мәселелері жолға қойылуы керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бүгінгі күні бұл бағытта үлкен жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламаның жобасын Үкіметке осы жылдың мамыр айында енгізуді жоспарлап отырмыз»,-деді Д. Абаев.

Бұдан бөлек, министр ведомство 1 300-ге жуық ауылды оптикалық-талшықты желімен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыруға кіріскенін жеткізді. Осы орайда 2 миллионнан астам адам кең жолақты интернетке қол жеткізетін болады. Аталған жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қамтылады.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.

Мұнымен қоса, Абаев шалғайдағы ауылдарға интернет Ка-диапазонды спутнигімен таралатынын мәлім етті.

 «Қазіргі кезде әр ауылдық жерлер бойынша жекелей қарау керек. Егер де елді мекендер магистральдардан қашықтау болса, онда жобаны жүзеге асыру екінші кезеңде қамтылады. Оптикалық-талшықты желіні тарту қымбат жоба. Негізгі магистральдерден 100-150 шақырым жерде орналасқан бір ауыл үшін желі тарту өте қымбат болатыны анық. Екінші кезеңде осы жоба жаңа технологиялардың мүмкіндігімен жүзеге асырылады. Оның ішінде біз Ка-диапазоны спутнигінің мүмкіндігін пайдалануды қарастырып отырмыз. Осы орайда бірінші кезеңде қамтылмай қалған ауылдарды айтарлықтай жақсы интернетпен қамтамасыз етуге жол ашылады»,-деді министр.

Сонымен қатар Дәурен Абаев бірінші кезекте интернетті тартуға жататын перспективалы ауылдарды Ұлттық экономика министрлігі айқындайтынын жеткізді.

Ағымдағы айда министр Мәжіліс депутаттарына интернетпен қамту шаралары екі кезеңді жүргізілетінін айтқан болатын. Біріншісінде, 2017-2019 жылдары 1 291 ауыл интернетке қосылады деп күтілуде. Ал екінші кезең аясында 2020-2025 жылдарда шамамен 4 мыңға жуық елді мекен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, бірінші кезеңде 2 млн. тұрғыннан астам, сондай-ақ келесі кезеңде 1,5 млн. адам қамтылатын болады.

Соңғы жаңалықтар