«Шала қазақ» атты фильмнің түсірілімдері аяқталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша түсірілген шартты атауы «Шала қазақ» атты толықметражды көркем фильмнің түсірілім жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Киностудия баспаксөз қызметінің мәліметінше, вестерн жанрында түсірілген жаңа кинотуынды қылмыскерлермен жалғыз өзі күреске түскен ауылдың учаскелік полицейі туралы баяндайды, режиссері - Төлеген Байтүкенов.

«Біз бұл жобаға былтыр көктемнен бастап кірістік. Сол кезден сценарий көптеген өзгерістерге ұшырады. Басында комедия түсіруді жоспарлаған едік. Сценарийдің соңғы нұсқасы алты ай бұрын ғана жазылып бітті, бұл нұсқаның дүниеге келуіне ACTION режессура және монтаждау шеберханасының тыңдарманы - Андрей Тен және менің жарым Инна атсалысты. Фильмнің қазіргі атауынан еш жұрнақ қалмады десем артық айтпаған болар едім. Фильмнің атауын алда міндетті түрде өзгертеміз. Фильмнің жанры - вестерн. Менің ойымша, бұл жанрда түсірілген фильмдер Қазақстанда жоқтың қасы. Вестерн түсіру үшін бізде жазық дала да, тұлпарлар да, қайратты жігіттер де бар. Және де, вестерн уақыт өте келе АҚШ қоғамында орын алған өзгерістерді айқын көрсете алды. Басқаша айтқанда, вестерн тарихы - бұл Американың көңіл-күй тарихы. Осы вестернның қалыбын біздің елге алып келуді бұрыннан ойлап жүргенмін», - деді картинаның режиссері.

Естеріңізге сала кетсек, фильмнің түсіру жұмыстары 10 тамызда басталып, 21 күнге созылған. Картинаның түсіру жұмыстары Алматы облысы Қапшағай қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан «Бригадир №4» ауылында өткен.
«Жалпы, түсірілім сәтті өтті. Әрине, ұйымдастыру және шығармашылық жағынан қиындықтар болды. Түсіру барысында техникамыз істен шығып кетіп, жергілікті тұрғындар келісілген жұмыстарды орындаудан бас тартып жатты. Біресе жаңбыр жауып, бірде жел соқты. Жазық даладағы аптап ыстықтан түсірілім тобы мүшелері ауырып та қалды. Алайда, менің ойымша осының бәрі кинематографиядағы қалыпты жағдай», - деді режиссер.

Сонымен қатар, режиссер фильмдегі актерлер мен олардың шеберлігі туралы айта кетті.

«Актерлердің барлығына, оның ішінде эпизодтағы актерлерге де ризамын. Учаскелік полицейдің рөлін жас театр актері Ақылхан Алмасов сомдап шықты. Ақыл кино актері ретінде әлі таныла қойған жоқ, алайда оның болашағы зор болатынына сенімдімін. Оның бойында Кененбай Қожабеков, Сүйменқұл Чокморов сынды кеңес заманындағы қазақ және қырғыз киносының артистеріне тән бір асылдық қасиет бар. Қазіргі кезде сирек кездесетін қасиет. Ал учаскелік полицейдің әйелін - Айнаны Дина Тасболатова сомдайды. Дина еңбекқор, драма жанрындағы актриса. Ол түсірілім алаңында барын салып ойнады. Эпизод ойдағыдай түсірілсе де, өзіне ұнамағанын алға тартып, қосымша дубль сұрап жүрді. Ал Қайсар есімді антогонист жігітті Ержан Нүсіпақынов сомдайды. Ол тәжірибелі актер. Ол кісі өлтірушіні жақсы орындап шықты деп ойлаймын.
Ал Шыңғыс Капин Дастан есімді қылмыскердің рөлін сомдады. Ол қылмыстық операцияны ұйымдастырушы. Шыңғыс - артист болу үшін жаралған адам, нағыз Феллини кейіпкері, өте жарқын тұлға. Оның түсірілім барысындағы перфоманстарын бақылаудың өзі ғанибет», - дейді режиссер.
Картина киноөндірісінің ең қиын монтаждау-түстеу кезеңіне өтеді. Бұл кезеңде жоспар бойынша фильм қараша айының ортасына дейін болады.
Сценарий авторлары: Төлеген Байтүкенов, Инна Мұқашева, Андрей Тен
Қоюшы оператор: Александр Рубанов
Рөлдерде: Ақылхан Асылов, Дина Тасболатова, Шыңғыс Капин, Еркебұлан Тасынов, Ержан Нүсіпақынов, Сәлім Балғазин, Марат Инербаев және басқалары.

Соңғы жаңалықтар