Шахтинскідегі кеншілердің наразылық акциясы: Келіссөздер жалғасуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Шахтинск қаласында наразылық акциясына қатысып жатқан кеншілермен келіссөздер жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Еске салсақ,  11 желтоқсан күні «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің төрт шахтасында жұмыскерлер тобы ауысымдары аяқталған соң жер бетіне шығудан бас тартқан  болатын. Олардың басты талабы - жалақыны көтеру.  

«Түнде шахта қызметкерлері келіссөз жүргізу үшін өз өкілдерін шығарды. Ынталы топ құрамына барлық еңбек ұжымдарының өкілдері, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығы, шахталардың директорлары, облыстық және Шахтинск қаласы әкімдіктерінің, сондай-ақ Қарағанды облыстық прокуратурасының өкілдері енді. 

Негізінде, кеншілердің алға қойып отырған талаптары жаңа бірыңғай ұжымдық келісімшартта қарастырылып қойған болатын. Ынталы топпен жалақы көлемін ұлғайту мәселесін талқылау талабы қойылып отыр», - делінген «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 12 желтоқсан күні таңертең таратқан ақпаратында.

12 желтоқсан, кешкі сағат 20.00-дегі жағдай бойынша, кеншілермен келіссөздер әлі де жалғасып жатқаны хабарланды.

«Келісім комиссиясының жұмысы жалғасуда. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ әкімшілігі шахтадағы кеншілерді ыстық тамақпен, құрғақ шұлғаулармен және шамдармен қамтамасыз етуде. Кәсіпорынның денсаулық сақтау бекеттері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қажетті жағдай үшін жылжымалы жансақтау топтары кезекшілік етуде. Кеншілер медициналық қызметкерлердің көмегіне жүгінген жоқ.

Орын алған жағдайға байланысты компания қызметкерлерінің қосымша кезекшілігі жүргізілуде. Шахтаның ауысым бастықтары әрбір екі сағат сайын ВАСС «Көмір» штабын және өз жетекшілерін ағымдағы жағдай туралы ақпараттандырып отыр. Ауысым бастықтары мен лампа механиктері жұмыскерлерді шамдармен және өзін-өзі құтқару құралдарымен қамтамасыз ету үшін жауапты», - делінген» компанияның баспасөз мәліметінде.

Жағдай Қарағанды облысы әкімдігінің бақылауына алынды. Бұған дейін облыс басшылығы Шахтинскіде кеншілердің отбасы мүшелерімен және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілдерімен кездескен болатын. Кеншілердің туған-туыстарына қалыптасқан жағдай туралы, сонымен қатар қойылған барлық сауалдар бойынша түсініктеме берілді.

Мәлім етілгендей, басқа шахталар жұмыстарын штаттық режімде жалғастырып жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар