Шахандағы оқиғадан зардап шеккен 11 жасар қызға ұзақ мерзімді сауықтыру қажет

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда Мақажанов атындағы клиникадан Шахан кентінде орын алған ТЖ-дан зардап шеккен 11 жасар Лена Васильеваны шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Түстен кейін қыздың туыстары үйіне алып кетті. Алайда бір жарым айдан кейін оған ауруханаға қайта оралуға тура келеді.

«Қыздың жамбас сүйегі майдаланған. Оған ота жасалды, металлофиксатор қойып, гипс салды. Қазіргі таңда тыныштық қажет, тек балдақ жүруі тиіс.  Бір жарым айдан кейін ауруханаға қайта жатқызып, буын қозғалысын дамыту керек, - деп айтты балалар травматологиясы мен ортопедиясының ординатор-дәрігері Александр Ли. - Ары қарай буынның бетінің қалай қалпына келіп жатқанын бақылаймыз. Сауықтыру курсы жарты жылға созылуы мүмкін. Толықтай жүріп кетуі үшін бір жылдай уақыт керек».

Сонымен қатар, бүлдіршін психологтың көмегіне мұқтаж. Жарылыс кезінде төмен құлаған қыз тірі қалды. Үйіндінің астында оның әпкесі жас баласымен қаза тапты.

Ленаға биылғы оқу жылында сабаққа бармайтыны туралы хабар айтылды. Оған мұғалімдер үй жағдайында сабақ оқытады.

Ауруханада құтқарушылар үйіндінің астынан тапқан 32 жастағы Александр Галышев жатыр.  Сал ауруымен ауыратын зардап шегуші 10 сағат бойы үйіндінің астында жатып, тірі қалған.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минутта Қарағанды облысының Шахан кентіндегі тұрғын үйдің бір бөлігі құлады. Қираған үйдің астында 9 адам мерт болды. Оның үшеуі - балалар.

Соңғы жаңалықтар