Шахандағы оқиға: От жағушыға іздеу жарияланды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Шаханда құлаған үйде кезекші болған от жағушыға іздеу жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Шахан әкімі Сержан Аймақовқа сілтеме жасап.

«Менің бар білерім, әлі күнге дейін от жағушыны таба алмауда. Іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жүруде», - деді әкім Сержан Аймақов журналистерге берген сұхбатында.

Еске сала кетсек, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минут шамасында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Шахан кентінде көпқабатты үйдің құлағаны жөнінде арнайы хабар келіп түскен. Қираған үйдің үйінділерінен 9 адамның мәйіті табылды. Олардың 3-уі ер адам, 3-уі әйел адам, тағы үшеуі балалар. Үйдің құлауына 4-ші подъездің жертөлесінде орналасқан қазандықтың жарылуы себеп болған.

Құлаған үй 1987 жылы салынған. Апат болған подъезде 10 пәтер болған. Әкімдіктің мәліметтері бойынша, үйде 118 адам тұрып жатқан. Құлаған подъезде 25 тұрғын, қонақтарды қоса алғанда шамамен 30 адам болған. Шахандықтар орталықтандырылған жылу жүйесі болмағандықтан жылу мәселесін өздері шешкен. Билік өкілдерінің мәліметтерінше, жаңа қазандық салу жоспары 2013 жылға қойылған. Жоба-сметалық құжаттар дайындалғанымен қаржы мәселесі қолбайлау болып келген.

Соңғы жаңалықтар