Шаханда опат болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына өтемақы төленеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Шахан кентіндегі бес қабатты тұрғын үйде  орын алған автономды жылу қазандығының жарылуы салдарынан опат болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына өтемақы төленеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қаражат барлық апаттық-қалпына келтіру жұмыстарынан артылған.  Апатты жағдайға бей-жай қарамаған қазақстандықтар тарапынан жиналған қаражат апат салдарынан мерт болған тоғыз адамды жерлеу рәсіміне, зардап шеккен екі адамның ем алуына, үйінділерді тарату, бөлшектеу жұмыстарына, жаңа жылу қазандығының құрылысы мен қазандықты жертөледен шығаруға жұмсалды.

 «Өтемақының нақты сомасы әзірге белгісіз. Таяуда бұл үйдегі барлық жұмыс түрі аяқталғаннан кейін, опат болғандар және зардап шеккен отбасыларына берілетін қаражат сомасын анықтайтын боламыз. Қазіргі уақытта апатты оқиғадан кейін қожайындары тұрудан бас тартқан жеті пәтерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларға нарықтық бағаларға сәйкес баспана берілді. Баспанаға мұқтаж жандарға таза күйінде  беру үшін пәтерлерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз»,  - деді  «Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен жандарға көмек көрсету қоры» жеке қайырымдылық мекемесі қамқоршылық кеңесінің төрағасы Жамал Мамерханова.

Сондай-ақ бес қабатты тұрғын үйдегі жылу қазандығының жарылысы  бойынша  атышулы қылмыстық істің куәгері, қайтыс болған от жағушының жесір әйелі мен екі қызы екі бөлмелі пәтер алатын болады.

Қайтыс болған азаматтың жесіріне  көмек ретінде қордан миллион теңге берілгендігі бұдан бұрын хабарланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар