Шаханда құрылған қайырымдылық қоры қалдық қаражатты зардап шеккендерге таратып береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат Қарағанды облысындағы Шахан кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінде жертөледегі жылыту қазандығының жарылуы салдарынан адам шығыны болған оқиғаға байланысты құрылған қайырымдылық қоры өз жұмысын жалғастырып жатыр. 

Оның есебінен зардап шеккендер отбасыларына материалдық көмек көрсетіліп, сондай-ақ ТЖ салдарын жою, қираған үйді қалпына келтіру бойынша шығындар өтелді, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты . 

- Қорға 203 млн 851 мың теңге жиналды. Ол кәсіпорындардың, ұйымдардың, жеке тұлғалардың жіберген ақшалары. 18 шілдеге дейін 175 млн теңге жұмсалып, қалдық сома 29,2 млн теңгені құрап отыр, - деп мәлімдеді қордың қамқоршылық кеңесінің төрайымы Жамала Мәмерханова. 
Қорға әлі де жарылыс болған №4 үйдің жертөлесіндегі жұмыстарға қатысты шығындарды өтеу керек болады. 
- Тұрғындар «Қараганды Котломаш» фирмасы салған жергілікті қазандыққа шағымдануда. Қыс мезгілінде тұрғындар тоңбау үшін жылу тарату жүйесіне қатысты қажетті жұмыстарды анықтау керек, - деп түсіндірді Жамала Мәмерханова. - Әзірге қанша ақша төлеп, қанша қалдық қалатыны белгісіз. Алайда біз барлық шығындар өтелген соң қалған қаражатты зардап шегушілерге таратып беруді ұйғардық. Қайғылы оқиғадан соң қаза болғандардың туыстарына қордан жалпы есептегенде 9,7 млн теңге төленген болатын. Қираған үйінділердің астында қалған екі зардап шеккен азамат 1,5 млн теңге алды. 

 Қор жерлеу рәсіміне және қонақ асына қажетті шығындарды да өтеді. Оларға 2 миллионнан астам қаржы жұмсалды. Сонымен қатар 9 күн және 40 күн өткен соң ас беруге 1 млн теңге бөлінді. Қор сондай-ақ жылдық ас беруді де ойластырған - ол үшін қаза болғандардың туыстарына 2,5 млн теңге төлеген. Ескерткіштер орнатуға 4,5 млн теңге жұмсалды. 

 Зардап шеккендердің мүлік құнын өтеу үшін жалпы есептегенде 8,8 млн теңге жаратылды. 
Қираған пәтерлердің орнына баспанамен қамтуға 50 млн теңге жұмсалды. Осыған дейін хабарланғандай, бұл шығындарды демеушілік қолдау ретінде QAZKOM өз мойнына алды. Банк сату-сатып алу және басқа да қажетті құжаттар негізінде шығындарды өтеді. 

 Полина Андроповаға Қарағандыдан 18 млн теңгеге 4 бөлмелі пәтер сатып алынды. Оның шығынын QAZKOM мен «Қоңырат» Балқаш мыс компаниясы бірлесіп көтерді. Қыз баланың бұл қайғылы оқиғада ата-анасы мен кішкентай сіңлісі қайтыс болған. Қазір Полина оның қамқоршысы болған әжесімен бірге жаңа үйде орналасып жатыр. Оқуын қыз бала Оңтүстік-Шығыста орналасқан мектептердің бірінде жалғастырады. 

  Екі жағдайда пәтер сатып алудың орнына зардап шеккендер жалпы есептегенде 8 млн теңге көлемінде материалдық өтемақы алды.
Қаза болған пеш жағушы Мейрамбек Жиенбаевтың отбасына 1 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Сондай-ақ марқұмның жұбайына қонақ асы мен жерлеу рәсімдеріне жұмсалған 238,6 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді, мазар салуға және құлпытас орнатуға 491 мың теңге берілді.  Қордың басқа да шығындары 44 млн теңгеден асты.

Сонымен қатар қордан Шаханның басқа да үйлерінің жертөлелерінде орналасқан қазандықтарды сыртқа шығару жұмыстары өтелді - ол 19,5 млн теңге. Бұл жұмыстар шахандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жасалып отыр. 

  Естеріңізге сала кетейік, Шаханда 1 қаңтарда жертөледе орналасқан жылыту қазандығының жарылуы салдарынан бес қабатты үйдің бір бөлігі қираған болатын. Үйіндінің астында қалған 9 адам, оның ішінде үш бала қаза тапты. Екі адам ауруханаға жеткізілді.

 

Соңғы жаңалықтар