Шахан Жолдасбаев: Арманым - Ақтөбені қолжетімді қалаға айналдыру

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының тұрғыны Шахан Жолдасбаев жол апатынан соң төсекке таңылып, аяқ-қолын қозғалта алмады. 

Ұзақ уақыт бойы тынбай жаттығу жасап, сауықтыру сатысынан өткен ол туыстарының, жақындарының, достарының, жанашырларының қолдауымен спортшы атанды, кәсіпкер болды. Қоғам белсендісі арбаға таңылып, үйіне үнсіз қамалған талай жанға күш сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шахан Жолдасбаевтың есімі ақтөбеліктерге жақсы таныс. Ол қоғамдық шараларға жиі қатысады, өз ойын еркін айтып, жолында кездескен кедергілермен бөліседі. Қоғамның тең мүшесі бұл жетістікке оңай қол жеткізген жоқ. Тер төкті, бос уайымға салынбай еңбектенді.
null

Ақтөбе қаласы, Сазды ауылында өсіп, өзенге алаңсыз шомылып, ер жеткен Шахан Жолдасбаев бала кезден өте алғыр, алға мақсат қойып, оған қол жеткізу жолын білетін еді. Ол орта мектепті үздік аттестатпен бітірген соң Қазақстан көлік және коммуникация академиясының Ақтөбе облыстық филиалына оқуға түсті. Екі жылдан соң Алматы қаласына барып, оқуды жалғастыру ойынан айныған ол Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне ауысып, инженер-техникалық факультетін бітірді. Құрылыс компаниясына инженер-механик болып жұмысқа орналасып, кейін әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келді. Ақтөбеге қайта оралған жас жігіт өсіп, өркендеп келе жатқан Астана қаласын бағындыруды армандады. Арман қуып елордаға барып, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жанындағы ақпараттық-талдау орталығының маманы болып жұмыс істеді. 2007 жылы оны көлік қағып кетіп, Шахан Жолдасбаевтың мойын омыртқасы зақымданды. Аурухана кереуетінде оянып, аяқ-қолын қимылдата алмаған ол бірнеше жыл емделді, сауықтыру кешенінде денсаулығын шыңдады.
null 

«Жол апатына түсіп, аяқ-қолым жансызданған кезде өмірден түңілген күндерім болды. Белсенді, арманы асқақ адамның бір сәтте мүгедек арбасына таңылғанын көру қиын әрі айтса сенгісіз жайт. Сол жағдайды бастан өткерген мен де үйде отырып, қоғамнан алшақтап қалдым. Далаға шығып, адамдармен араласқым келмеді. Уақыт емші. Мен тұңғиықтан шыға білдім. Серпіліп емделдім, сауықтыру кешендеріне бардым. Ресейге барып, қолымды қимылдатуға, арбаға отыруға жағдай жасалды. Бәрі үлкен күш пен жігерді талап етті. Ақтөбе келген соң қалалық сал ауруына шалдыққандардың құқығын қорғау орталығына барып, Құралай Базарбайқызымен таныстым. Ол мені өмірге қайта әкелді, өзіме деген сенімділікті арттырды, жігерімді жаныды. «Шахан, үйде тығылып отырағаныңды жан-жағыңдағы адамдардың бәрі біледі. Оны ешкімнен жасыра алмайсың. Ал егер сен жұмыс істеп, еңбектенсең таңертең көлік келіп, кеңсеге апарады. Бұл жақсы емес пе?» деді. Бұл сөз менің бар ойымды өзгертті»,- деді Шахан Жолдасбаев.
null

Дәл сол кездесу Шаханның бар өмірін өзгертіп, арманын ұштай түсті. Ол қоғам өміріне белсене араласып, мәдени, спорттық шараларға жиі қатысты. 2011 жылы әріптестерімен Қырымға барып, сауықтыру орталығында теңізге түсті. Шаханның жүзе алатынын көрген әріптесі Гүлмирам Сражова жаттығу жасап, жүзуден өтетін жарыстарға қатысуға кеңес берді. Емдеуден келген соң ыңғайлы бассейн іздеп, зауыт жұмысшыларына арналған спорт кешеніне жазылды. 2012 жылы облыстық, кейін республикалық жарысқа барды. Алғашында 300 адам қатысқан ел біріншілігінен жүлдесіз оралған спортшы ынталанып, жеңіске жету үшін бассейнге баратын уақытын бекітті, жиі спорт залға барды. 2014 жылы тірек қимылы зақымданған адамдар арасында өткен республикалық жарыста жүзуден қола медаль алды. Бір жылдан соң үш қашықтықта, атап айтқанда 100 метр арқамен, 50 метр арқамен, 100 метр еркін жүзуде алдына жан салмады. Бұл жетістігін 2016 жылы қайталап, үш қашықтық бойынша алтын медаль алған. Кейін республикалық сатыдан өтіп, халықаралық байқауға қатысуды мақсат етті. Биыл еліміздің паралимпиада құрама командасындағы 20 адам Берлинге барды. Онда 52 елден 600-ден астам спортшы бақ сынаған. Сол жарыста қола жүлдегер атанып, халықаралық спорт шебері атағын алды.
null 

Шахан Жолдасбаев - кәсіпкер. Ол - «Пандус ОК» ЖШС иесі. Ол мүгедектердің кедергісіз жүруі үшін алдымен өз жолында кездескен қиындықтарды жеңді. Үйінен шыққан кезде табалдырыққа, көшеде жиектастарға, ғимаратқа кірер кезде пандусқа тірелді. Жалғыз өзі ешқайда бара алмады, ешқайда кірмеді. Кейін «Біз үшін бізсіз құрылыс салмаңыз!» ұранымен Кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған «Атамекен-Startup» байқауына қатысты. 2013 жылдың қараша айында жеңімпаз атанып, сол жылдың желтоқсанында «Пандус ОК» ЖШС тіркелді. Байқау жеңімпазына берілген 2 миллион теңгеге оргтехника, пандус цехына қажетті дәнекерлеу құралын сатып алып, құжат рәсімдеді.null

«Пандус салу үшін арнайы лицензия қажет екен. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін техника, құрал-жабдық, өндіріс нысаны болу міндеттелді. Өзім инженер-техникалық факультетті бітірген соң мамандығымның пайдасы тиді. Құрылыс саласында жұмыс істейтін достарым, туыстарым бар. Олар көмек берді, құжаттар жинау үшін талай кабинетке кіріп, Халыққа қызмет көрсету орталығына да бардым. Бәрінде мүгедектердің кіріп-шығуы қиын. 2014 жылы лицензияға қол жеткізім, тамызда Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ғимаратына пандус салдым. Кейін Ақтөбе облысының әкімдігіне де пандус жасалды. Ұзындығы - 24 метр. Көп ғимараттың алдыңғы жағында пандус салуға арналған жер аз. Сондықтан арнайы көтерме алу жұмыстары жүрді. Тасымалдағанда сапалы көтерме бағасы қымбат болды. Арзаны - cапасыз әрі қауіпті. Содан соң көтермені өндірістік цех ішінде жасауға шешім қабылдадым. 2017 жылы арнайы сертификат алдым. Қазір электрлі көтерме шығарамыз. Серіктестік жұмысқа кіріскеннен бері 10-нан астам пандус салдық. Барлығы 7 ғимаратқа көтерме қондырылды. Құрылыс компаниясы 18 көтермеге тапсырыс берді. Қараша айында тұрғын үй қолданысқа беріледі. Бұл үйлердің бәрі мүгедектер үшін қолжетімді болады»,- деді кәсіпкер.
null  

Спортшы, кәсіпкер Шахан Жолдыбаев әр күнін жоспарлайды. Таңертең жұмысқа барып, өзі тағдырлас жандарға жаттығу жасаудың қыр-сырын үйретеді. Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққандардың құқығын қорғау орталығына тиесілі ғимарат ішіндегі жаттығу залында соңғы 4 жылда 300-ден астам мүгедек сауықтыру сатысынан өткен. Олардың бәріне Шахан Жолдасбаев көмектеседі, ол өз тәжірибесімен бөліседі. Аз уақыт жаттықтырушы болып, келушілерге ақыл-кеңес беретін ол бір бұрышта тұрған жұмыс үстеліне отырып, тендер құжаттарын реттейді. Түскі мезгілде үш сағатын бассейнге арнайды. Кейін көмекшісімен бірге өндірістік цехті аралап, жұмысты қарайды. Онда барлығы 4 адам жұмыс істейді.null

«2015 жылы Қазақстандағы АҚШ елшілігі хабарласып, құрама штатты көруге ұсыныс жасады. Қолжетімді ортаны көру, мүгедектерге ыңғайлы жағдай жасаған қалалармен танысу, американдық мүгедектердің тыныс-тіршілін бағамдау сапары кезінде 4 штат, 5 қалада болдым. Астанасы Вашингтон қаласына да бардым. Өмірімде алғаш рет қала ішінде мүгедектердің еркін қозғалатынын көрдім. Арбаға таңылғандар көп. Бәрі еркін жүреді, жұмысқа барады. Таңырқадым, тамсандым. Менің жүзімді көрген американдықтар «сіздерде де мүгедектер бар, қолжетімділік төмен болған соң олар көрінбейді» деп жауап қайтарды. Шын мәнінде солай. Арбаға таңылған жандар өз проблемасымен жалғыз қалады. Арманым - Ақтөбені қолжетімді қалаға айналдыру»,- деді ол. Қиын күндері демеп, кедергілер кездессе кеңес беріп, көмектесетін серігі, достары, жанашыры бар Шахан Жолдасбаев бар күш-жігерін жарқын болашаққа арнайды. Ол кедергіні жеңе білген адам. 
null 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар