Шағын несиелендіру: Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер үшін бір шектеу болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиелерге қосымша 20 млрд теңге бөлінеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаменті басшысының орынбасары Шыңғыс Аxметовтың айтуынша, барлық ақша "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" мемлекеттік бағдарламасы арқылы таратылады. Аталған құжат бойынша қалалық жерде барлық шараларды Ұлттық экономика министрлігі ұйымдастырса, ауылды жерлерде бизнесті дамытуға Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты. "Шағын несиелендеруге арналған ақша жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға беріледі. Алайда өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер үшін бір шектеу бар. Өз кәсібін үш жылдан артық жүргізіп жатқандарға несие берілмейді. Себебі ондай бизнес әбден қалыптасқан. Ал үш жылға дейінгілерге қолдау жасаған дұрыс. Сондықтан біз дәл осы топтағы азаматтарға несие беретін боламыз. Ақша алатындардың басқа банктерде несиесі болмауы тиіс. Бұл - барлығына ортақ талап. Сосын өз кәсібін бастығысы келетін азаматтарға арнайы дайындықтан өткен дұрыс. Қазір " Бастау-Бизнес" деген жоба бар. Былтыр аталған жоба аясында мыңдаған азаматтар дайындықтан өтіп, өздерінің бизнес-жобаларын әзірледі. Өткен жылы біразы несие ала алмай қалды. Сондықтан биыл біз сол азаматтардың жобаларына басымдық беретін боламыз", - деді Ш.Аxметов Үкімет үйінде өткен бапасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, несиенің көлемі 19 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал жылдық мөлшерлемесі 6 проценттен аспауы тиіс. Бизнесті алғаш рет бастайтындар үшін мемлекет кепілдіктің 85 процентін береді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің несиесіне 50 проценттік кепілдік жасалады. "Қалада "Даму" қоры кепілдік берсе, ауылда жерлерде "ҚазАгро" xолдингі кепілдік жасайтын болады. Мемлекеттің ақшасы да аталған қаржы ұйымдары арқылы бөлінеді", - деп атап көрсетті Ш.Аxметов.

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасында шағын несиелендіруді кеңейту міндеті қойылған болатын. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы шағын несиелерге қосымша 20 млрд теңге бөлуді тапсырды. «Осылайша, шағын несиелендіру көлемі 62 миллиардқа жететін болады. Әсіресе, ауылды жерлерде. Жалпы, ауылда ғана емес, барлық жерде адамдар өз бизнесін аша алады. Соның арқасында шағын несиелендірудің көлемі 14 мың адамды қамтитын болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық. 14 мың адам ол аз емес. Себебі бір адамның қарамағында үш-төрт, он, бәлкім, елу адам жұмыс істейтін болады. Бұның барлығын қосқанда мықты шағын бизнес шығады. Соған қолдау жасауымыз қажет», - деді Н.Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында. Осыдан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ауылда бизнес ашу үшін қанша ақша берілетінін жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар