Шағын несиеге көзделген 20 млрд теңге қалай бөлінеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Елбасының шағын несиені кеңейту жөніндегі төртінші әлеуметтік бастамасын іске асыруға көзделген 20 млрд теңге қалай бөлінетіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту үшін бұл бастама өте маңызды. Осыған орай қосымша бөлінген 20 млрд теңгенің 14 млрд теңгесін ауылдарға несие беруге, оның ішінде 10 млрд теңгені ауыл шааруашылығы тауарларын өндіруші кәсіпорындардың айналасында якорлық кооперациялар жобасын дамытуға жұмсауды ұсынамыз. Бұл шағын несие алатындарға өнімнің сатылуына кепілдік беруді қамтамасыз етеді. Қалған 6 млрд теңгені қалаларға және моноқалаларға бағыттау жоспарланып отыр»,- деді министр.

Осы ретте ол бөлінген қаражатты уақытында игеру және жоспарлауды қамтамасыз ету үшін республикалық бағдарламалардың әкімшілері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлер бойынша нақты өтінімдерді ағымдағы жылдың 15 наурызына дейін Қаржы министрлігіне енгізулері қажеттігін баса айтты. Бұл орайда шағын несиелеу бағдарламасының ауылда және шағын қалалардағы әкімшісі Ауыл шаруашылығы министрлігі, ал қалалар мен моноқалаларда Ұлттық экономика министрлігі болады.

«Қазіргі таңда шағын несиелеуді дамыту «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Бұл бағыт жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша ең тиімді тетік болып табылады. 2018 жылға бекітілген бюджетте шағын несиелеу бағдарламасына 42 млрд теңге қаралған. Оның 31 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, 11 млрд теңгесі қалалар мен моноқалаларға бағытталмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаржыландыру 20 млрд теңгеге ұлғайып, ағымдағы жылы шамамен 62 млрд теңгені құрайды», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Айта кетерлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Елбасының шағын несиені кеңейту жөніндегі төртінші әлеуметтік бастамасын іске асырудың нақты тетігін әзірледі.

Соңғы жаңалықтар