Шағын несие: 800 солтүстікқазақстандық өз кәсібін бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - СҚО белсенділері Елбасының 5 әлеуметтік бастамаларын талқылады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл бастамалар әр қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған деді, деп хабарлайды әкімнің сайты.

«Арзан ипотека, салықты түсіру, шағын несиелерді және білім гранттарын көбейту үлкен қаражатты талап етеді. Бұған мемлекет қаржы тапты», - деді Құмар Ақсақалов.

Облыста қазір 19 мың адам баспана кезегінде тұр, оның 13 мыңы Петропавлда. Былтыр өңірде тұрғын үй құрылысының көлемі 3 есеге артты. 2018 жылы қарқын үдей түседі. Биыл облыс орталығында 1600 пәтерді қолданысқа беру көзделген.

60 мың теңгеден аз еңбекақы алатын азаматтар бұдан былай тек 1 пайыз ғана салық төлейтін болады. Өңір бюджеті шамамен 1 млрд. тг айырылғанымен, халықтың кірісі көбейіп, сатып алу мүмкіндігі ұлғаяды.

Елбасы мемлекет шағын несиелеуге 62 млрд. теңгені бағыттайды деді. СҚО-да былтыр 2 млрд.теңгенің 437 шағын несиесі берілді. Оның ішінде 425 ауыл тұрғыны. Биыл бұл бағытқа 2,8 млрд. тг бөлінді.

«Біз қосымша 1 млрд.теңгеге тапсырып беріп, жалпы несиелеу көлемін 4 млрд теңгеге жеткіземіз. 800 отбасы өз кәсібін бастай алады. Болашақта бұл соманы 5 млрд. теңгеге жеткізу көзделген. Сөйтіп, 1 мың тұрғынды қамти аламыз», - дейді өңір басшысы.

Биыл оқу гранттарының саны 74 мыңға дейін көбейтілді. СҚМУ алдында материалды-техникалық базаны нығайту, жаңа студенттерді тарту, жаңа мамандықтарды көбейту және жоғары білікті мамандарды жұмысқа алу міндеттері тұр. Студенттерге жатақхана салу да аса маңызды іс. СҚО бұл жұмысты елімізде бірінші болып бастау керек дейді аймақ басшысы.

Орталық және Солтүстік Қазақстанды газбен қамтамасыз ету де ауқымды жұмыстың бірі. Өңір басшысының айтуынша, өнеркәсіп газбен қамтамасыз етілсе, өнімдердің өзіндік құны әлдеқайда төмен болмақ. Қазір магистралды тораптан елді-мекендерге газ тарту мәселесі қаралып жатыр деп сөзін қорытындылады Құмар Ақсақалов.

Соңғы жаңалықтар