«Серпіннің» алғашқы түлектері кәсіпорындарда жұмыс істеуге әзір

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Серпін» бағдарламасының алғашқы түлектері еліміздің кәсіпорындарында жұмыс істей бастайды, длеп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Серпін - 2050» жобасының гранттарын бүгінгі күні 12 000 адам алды. Жоба қатысушыларына стипендия төленіп, жатақхана және жұмыс орындары беріледі.  Бағдарламаның мақсаты - еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастарын кадрлар тапшылығы бар солтүстік және шығыс аймақтарда оқытып, жұмысқа орналастыру.

«Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жобаға қатысуға ниет білдірген 22 жасты (6 қыз бен 16 жігіт) алғашқылардың бірі болып Риддер аграрлық-техникалық колледжі қарсы алды. Олар түсті металдар металлургиясы мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Бүгін колледж түлектері оқуын аяқтап отыр. Олардың жетеуі жергілікті металлургиялық кешен мен кен байыту фабрикасына қабылданып, екеуі оқуларын ЖОО-да жалғастырмақ. Әкімшіліктің жоспары бойынша, қалған түлектердің жұмысқа орналасуы мен тұрғын үй жалдауға субсидия бөлу жайы жыл соңына дейін шешілмек», - делінген хабарламада.  

Бағдарлама аясында оқитын жастарға арнап, оқу құралдары мемлекеттік тілге аударылды. Өндірістік тәжірибені өту барысында әрбір студенттің жеке тәлімгері болғандықтан, жастар жұмыс орнын таңдауда қиыншылық көрген жоқ.

«Серпін» аясында оқыған туденттер жергілікті жағдайда қажетті жылы киіммен, тегін тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етілді.

Еске сала кетсек, аталмыш жоба 2014 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. 2014-2016 жылдары осы жоба бойынша 12 462 білім гранты бөлінді, оның ішінде 9 212 орын жоғары оқу орындарына және 3 250 орын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бөлінді.

Бүгінгі күні жоба шеңберінде 8 өңірдің (Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Астана қаласы) 54 колледжінде 2 847 адам білім алуда.

Пилоттық режімде іске асырылған жоба үш жылда жастарды миграциялық процестерге тартудың тиімді әлеуметтік құралына айналды. Бұл ретте жобаға қатысушылардың басым бөлігі аз қамтылған отбасылардан шыққандар екенін айта кету қажет. Осылайша, бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының мектеп түлектері орталық және солтүстік өңірлерде білім алуда.

Сонымен қатар, 2017-2018 оқу жылында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлері бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы көлемін арттыру көзделіп отырғанын хабарлаймыз.

Оқу орындарында жоба қатысушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалған, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, көшбасшылар лагерьлері өткізіледі.

Білім алушылардың өндірістік практикадан өтуін және олардың одан әрі жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету жұмысы да жолға қойылған. Осы мақсатта оқу орындары өңірлердің компанияларымен және кәсіпорындарымен меморандумдар және келісімшарттар жасасты.

Бүгінгі күні жоба шеңберінде мемлекеттік білім беру тапсырысы еліміздің 22 жоғары оқу орнында педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы және медицина мамандықтарына орналастырылып келеді. 2016-2017 оқу жылында конкурс нәтижесі бойынша 3 162 адам грант иегері атанды.

Соңғы жаңалықтар