Серік Сәпиев жемқорлыққа қарсы роликке түсті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбындағы видеороликке конкурс жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Студенттер байқауға қатысуға шақырылды. ҚР Мемлекеттік қызметкер істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаменті танымал қарағандылықтар түскен роликтің үлгісін көрсетті. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев сыбайлас жемқорлық азғыруына жол бермеуге шақырды.

«Біз жастарға жүгінеміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін шешуде және оның алдын алу шараларында әсіресе жастарды жұмылдырғымыз келеді, - деді Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Дидар Смағұлов. - Қазіргі басты міндетіміз - жемқорлыққа қарсы ойлау қабілетін қалыптастырып, коррупцияға қарсы мәдениетті дамыту».

Конкурс екі бағыт бойынша өтуде: видеороликтер мен вайндар (сатиралық ролик). С.Сәпиев жастарға арнап сөз сөйледі: «Егер сіздер де сыбайлас жемқорлыққа қарсы болсаңыздар, бұл конкурс сіздерге арналады. Антикоррупциондық тақырыптағы видео түсіріп, көрсетілген мекенжайға немесе #бізсатылмаймыз #мынепродаемся хэштегімен Желіге салыңыздар», - деп атап өтті танымал спортшы. Жеңімпаздар 9 желтоқсан - Халықаралық жемқорлықпен күрес күні белгілі болады. 

Соңғы жаңалықтар