Серік Сәпиев обырды жеңген қарағандылықпен кездесті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қарағандының бірнеше жыл бойы обырмен алысқан 18 жастағы тұрғынының арманын орындап, оған қонаққа келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жас жігіт Николай Часовских көптен бері өз кумирімен кездесуді армандаушы еді. Волонтерлар онкологиялық ауруды жеңген жанкүйердің хабарын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаровқа жеткізді. Ол Серік Сәпиевке хабарласып, жанкүйермен ізгі кездесуді ұйымдастыру жағын кеңесті. Ұзақ уақыт бойы қатерлі аурумен күресіп, түбінде жеңіске жеткен жерлесі жайлы естіген мәжілісмен Сәпиев уақыт тауып, Николайдың үйіне қонаққа келді.

Сәпиев жанкүйеріне құралақан келмей, гироскутер сыйға тартты. Ол Николайға жоғары оқу орнына түсіп, тәуір мамандық иесі атану жоспары әлбетте орындалатынына сендірді. Чемпион Николайдың ерекше жігерлі екенін айтып, диагнозын білген бойда тағдыр қиындығына үнсіз бағынбай, өмір үшін күрескеніне алғыс білдірді.

«Баламның арманы орындалды. Николай құрмет тұтатын Серік Сәпиевпен кездесті. Бұл кездесу баламды жігерлендіре түсті», - дейді Николайдың анасы.

29 қаңтарда жас жігіт 18-ге толады.

Соңғы жаңалықтар