Сергей Скляренко: Қазақстан - жойылып кеткен жолбарысты мекеніне қайтарған бірден-бір ел болмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ХХ ғасырдың басында жер бетінде 100 мыңға жуық жолбарыс (9 түрі) тіршілік еткен екен. Өкінішке қарай, «адам» деп аталатын өркениет иесі ХХІ ғасырға дейін жолбарыстың 4 түрін толығымен жойып, бүгінгі таңда осынау сұсты да сұлу аңның 3,5 мыңын ғана қалдырыпты. Қолдан жойылған мысық тұқымдас жыртқыштардың түріне яван және бали, сондай-ақ, оңтүстікқытайлық жолбарысты жатқызуға болады. Құрып кеткен жыртқыштың төртінші түрі - Тұран жолбарысы.

Жаһандық WWF International ұйымымен келісімге келген Қазақстан дәл осы Тұран жолбарысын (Амур жолбарысын өсіру тәжірибесімен) Балқаш өңірінде қайта мекендестіру жұмысын қолға алды. Десе де, бұл бағдарламаның бастапқы кезеңі ғана. Алда қыруар жұмыс күтіп тұр. Осыған байланысты жолбарысты байырғы мекені - Іле-Балқаш резерватында өсіру бағдарламасының қалай іске асатыны туралы Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы Атқарушы директорының міндетін атқарушы Сергей Скляренконы сөзге тартқан едік.  

- Сергей Львовичь, резерватты қалпына келтіру, азықтық базаны даярлау жұмыстарының барлығын есепке алсақ, Балқаш өңіріне нақты қай уақытта жолбарыс жіберілгелі отыр?

- Жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы бірнеше жылдарға арналған. Қазақстан даласына ең бірінші жолбарысты әкелгенге дейін экожүйені қалыпқа келтіру және жолбарыстардың азықтық базасын даярлау бағытында өте ауқымды жұмыс жүргізілуі керек. Себебі, дәл қазір Іле-Балқаш аумағына жолбарыс әкелу мүмкін емес - олардың өмір сүріп кетуіне ешқандай жағдай жоқ. Нулы-тоғайлы орман дегеннің өзінде ондағы жай-күй де мәз емес. Үшіншіден, ол жерде жолбарыс азықтанатындай  қабанның да, еліктің де саны азайып кеткен. Сол себепті, белгіленген аумақтың экожүйесін жоқ дегенде «қанағаттанарлық» қалыпқа келтіру керек. Бұл кем дегенде бірнеше жылға созылады. Азықтық базаны әзірлеу де біршама уақытты талап етеді. Ол аумақтағы қабанның саны кем дегенде 10 есеге, еліктің саны бірнеше есеге көбейтілуі керек. Резерватқа Бұқар бұғысын әкелу де көзделуде. Яғни, бұл ретте азықтық база ретінде қарастырылып отырған осынау аңдардың өздігінен көбеюіне жағдай жасалуы тиіс.

Сондықтан да, қазіргі уақытта жолбарыстарға арнап «Іле-Балқаш резерватын» дайындау жұмысы жүріп жатыр. Сол себепті, экожүйе мен азықтық база мәселесі шешілгенде ғана резерват аумағына алғашқы жолбарыстар жіберіледі. Демек, жолбарыстарды нақты әкелінгеніне дейін білмеймін, бәлкім, 10 жылға дейінгі уақыт өтіп кетуі мүмкін.

- Резерват аумағына қанша жолбарыс әкелу көзделіп отыр? Кейбір БАҚ жазып жатқандай, 200-ге жуық жолбарыс әкелінеді деген ақпарат шындыққа сай келе ме?

- БАҚ-та жарияланған мәлімет толығымен шындықпен қиыспайды. Бағдарлама пысықталып жатқан уақытта 200 жолбарыс туралы әңгіменің шеті шыққаны рас. Бірақ, бұндай санды айтуға әзірше ертерек.  Алдағы жылдары резерватқа қанша жолбарыс әкелуге болады деген мәселеге қатысты айтылған «ықтимал» сандар болатын. Дегенмен, алғашқы жылдары 10 немесе 20 жолбарыс әкелінуі мүмкін. Оған қоса әкелінген жолбарыстар тек қана қоршалған участокқа жіберілетінін ұмытпау керек. Демек, белгіленген өте кең аумақты қоршаған биік қоршау салынып бітуі тиіс.

- Ал ол жолбарыстарды қайдан әкелу көзделіп отыр?

- Амур жолбарыстарын Ресейден әкелу жоспарланған. Әкелінетін аңдардың тағы бір бөлігі зообақтардан жеткізілуі ықтимал. Генетикалық тұрғыда Тұран жолбарысына өте жақын болғандықтан, жіберілетіндер - Амур жолбарыстары. Тұран жолбарысы Қазақстан даласында құрып кеткенін білесіздер. Бірақ, осы екеуінде көп айырмашылық жоқ. Оның үстіне жолбарыстардың осынау екі түрі климаты ұқсас аумақта өмір сүруге бейім. Яғни, қыстың қатал ауа райына шыдамды. Екеуінен басқа бірде-бір жолбарыстардың түрі мұндай суықта өмір сүріп кете алмайды.

null 
Амур жолбарысы

- Жалпы, осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін қажетті қаражат қайдан бөлінгелі отыр?

- Қазақстан тарапы қазірдің өзінде Іле-Балқаш резерватын құрып, өзінің үлесін қосып жатыр. Осы ретте, жалпы резерваттың жалғыз ғана жолбарыс үшін емес, тұтас экожүйенің қамы үшін жасалғалы жатқанын естен шығармау керек. Бұл аса құптарлық мәселе. Шынтуайтына келгенде, Қазақстанда жолбарыстар туралы әңгіме айтылмай тұрып резерватты құру мәселесі көтеріліп жүрген болатын. Демек, бұл тек қана жолбарыстар үшін ашылғалы отырған резерват емес. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дәл келіп тұр демекші, жолбарысты өсіру бағдарламасы резерват құру жоспарымен тұспа-тұс әрі үйлесімді келе қалды. Мемлекет қазіргі уақытта резерватты құру бағдарламасына ақша бөліп отыр. Операциялық шығындарға 100 млн теңге бөлінуде. Бұған қоса, қателеспесем резерваттың инфрақұрылымына 80 миллион теңге бөлінгелі отыр.

Жолбарыстар тақырыбынан тыс Іле-Балқаш экологиялық дәлізін құру жоспарлануда. Бұрыннан шаруашылық мақсатта пайдаланып келе жатқан жер участоктары шаруалардан тартып алынбайды. Ол жердегі халық бұрынғыдай малын жайып, шөбін шаба бермек. Бірақ, сол аумаққа қосымша бақылау күшейтіліп, бұл өмір сүру аумағы тозып кетпес үшін жасалады. Сонымен бірге, тұяқты жануарлардың эмиграциясына келтірілетін кедергілер жойылуы керек. «Алтын Емел» Ұлттық табиғи паркінің экологиялық дәлізі Іле Балқаш резерватына дейін созылады. Бұл экожүйелердің бірігуіне мұрындық болады. Ол аумақтағы браконьерлікке қатаң қадағалау жүргізіледі.

Тың өзгерістер жергілікті халыққа ешқандай кері әсерін тигізбейді. Мәселен, жуықта Балқаш ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Бақанас ауылының халқымен кездесу өткізіліп, осы мәселе елмен бірге кеңінен талқыланды. Халықтың бәрі бір ауыздан экологиялық дәліз бен резерват құруға келісімдерін беріп отыр. Ешкім қарсы шыққан жоқ. Жолбарысты өсіру - бұл негізгі мақсат емес. Жолбарыстар осынау үлкен мақсаттардың маңызды бір бөлігі болып табылады.

- Депутаттар өткен жылдың 7 желтоқсандағы Парламент Мәжілісінің отырысында жолбарыстарды өсіру бойынша екі мәселеге назар аударған еді. Мәжілісмендердің бірі «Жолбарыстар жергілікті халыққа қауіпті емес пе?» десе, екіншісі «Күніне 5-6 келі ет жейтін жолбарысты өсіру Қазақстанға қаншалықты тиімді? Бұл бюджетке ауыр салмақ салмай ма?» деген мәселені айтқан еді. Осындай уәжге қатысты не дер едіңіз?

-Әрине, сұрақтардың көтерілуі орынды. Біріншіден, ет туралы көтерілген мәселенің шешімі бар. Бұғанға дейін азықтық базаның қалпына келтірілетінін айтқан болатынмын. Нақты саны бойынша тоқталсам: бір жылда үлкен жолбарыс 50-60 қабан аулап жейді. Демек, бұл жерде бюджеттің мүлдем қатысы жоқ. Себебі, азықтық база қалпына келтіру осы мәселені өздігінен шешіп тұр. Яғни, жолбарыстар жабайы аңдарды аулап өмір сүретін болады. Оған дейін аумақты күзету жұмысы ретке келтіріліп, биотехникалық шаралар қолға алынады. Қабандарды қысқа қарай жемдеу жұмысы жүргізіледі. Демек, бұл аңшылық шаруашылықтардың айын оңынан туғызайын деп тұр. Қабанның саны бүгінгіден 10 есеге артса, олар барлығына да жетеді. Яғни, бұл бағытта жолбарыстар үшін ешқандай шығын шықпайды. Есте сақтау керек -  азықтық базаның толыққанды дайын болғанына көз жеткізбейінше ешкім резерватқа жолбарысты әкелмейді.

Ал адамға шабуылдауы мүмкін деген қауіп туралы айтарым... Егер азықтық база толығымен қамтамасыз етілсе, әлбетте жолбарыстың адамға шабу қаупі болмайды. Екіншіден, жергілікті халықтың қаупі мен күдігін сейілту үшін жолбарысты реинтродукциялау бағытында үлкен қоршау салу туралы шешім қабылданған болатын. Елдімекені жоқ аумақты қоршап, бастапқы кезде белгілі бір уақытқа жолбарыстарды жіберіп көру көзделіп отыр. Яғни, жолбарыстың барлығы қоршаудан шықпайды. Қоршаудың биіктігі қанша және оның қандай материалдан салынатыны әзірге дөп басып айта алмаймын. Бір білерім, бұл жұмыс қазіргі уақытта іс-шаралар жоспарына енгізіліп, барлық жоспардың анық есебі 2018 жылда толығымен белгілі болады деп отырмыз. Осылайша, 2018 жыл дайындық жұмыстарына арналып, Іле-Балқаш резерваты құрылып, орманды қандай жолмен қысқа уақытта қалпына келтіру бойынша қосымша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. 2019 жылдан бастап бағдарламаны біртіндеп жүзеге асыру көзделеді.

- Жалпы, әлемде бір кездері құрып кеткен, бірақ кейін сол аңдардың тіршілігін осындай жолмен қалпына келтірген мемлекеттер бар ма? Нақты жолбарыстарды ежелгі қонысына қайтарған әлемдік тәжірибелерді атай аласыз ба?

- Үндістан секілді бір-екі елде ондай тәжірибе бар. Бірақ, ол шағын ғана аумақтарда жүзеге асырылған. Жалпы, егер жүзеге асыра білсе - жолбарыстарды қайта қалпына келтірген бірден-бір мемлекет - Қазақстан болмақ. Бұл Қазақстан үшін ғана емес әлем үшін бірегей жаңалық болайын деп тұр. Әлемде экожүйені қалпына келтіру тәжірибесі жоқ. Біріншіден, осыншама үлкен аумақтың экожүйесін қалпына келтіріп, жолбарыс секілді ірі аңды қайта өмір сүре алатындай жағдай жасап бере алсақ - иә, бұл әлемдік тәжірибедегі тұңғыш бастама болады. Яғни, Қазақстан тарапы әлемдік ауқымдағы тапсырманы қолға алды.

- Қазақстанда экожүйенің бұзылмауын және жолбарыстардың қамын бақылап отыратын нақты ұйым құрылуы мүмкін бе?

- Әзірге ондай ұйымды құру туралы сөз айтылған жоқ. Жақында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың, WWF өкілдерінің өкілдерінің қатысуымен отырыс өтіп, жұмыс тобы құрылған болатын. Ол жұмыс тобы тұрақты түрде жиналыс өткізіп, бағдарламаның жүзеге асырылуын жіті бақылауына алады. Демек, кез келген көзден, халықаралық донорлардан ақша бөліне қалса, жобаның үйлестірушісі техникалық жұмысты жүргізе береді. Одан кейін қажеттілігіне байланысты белгілі бір құрылым құрылып та қалуы мүмкін. Әлбетте, үлкен ұйым болмауы да ықтимал. Оның қажеттілігі жоқ. Әр түрлі ведомстволардың келісілген жоспары бойынша жұмыс жүргізіледі.

Ең басты құрылым - тек қана жолбарыстар үшін емес, жалпы резерватты ұстап тұру үшін құрамында әр түрлі 64 қызметкер болатын ұйым құрылады. Яғни, жергілікті халық үшін де жаңа жұмыс орындары ашылады.

- Сіздің ойыңызша, өмір сүріп кете алуы үшін резерват аумағында жиыны қанша жолбарыс болуы керек?

- Жолбарыстар топтасып, көбейе алатын дәрежеде болуы тиіс. Демек, шартты түрде айтар болсақ, 40-50 жолбарыс болуы керек. Осы мөлшердегі жолбарыстар тобы өмір сүріп кетуге қауқарлы. Бірақ, қайталап айтайын, оған дейін әлі біраз уақыт керек.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Тақырыпқа тұздық:

Тұран жолбарысын ағылшындар Каспий жолбарысы деп біледі. Мысық тұқымдас жыртқыштың бұл түрі кезінде Таяу Шығыстың 13 елінде, Қап тауларында, Орталық Азия мен Түркияның солтүстік-батыс жағында тіршілік еткен екен. ХХ ғасырдың басында Тұран жолбарысының саны әлдеқайда көп болған деген мағлұмат бар. Соңғы жыртқыштың өлтірілгені нақты  уақыты туралы әртүрлі болжамдар айтылады. Кейбір ғалымдар соңғы Тұран жолбарысын 1970 жылы көргендер бар деген пікірде. Ал Қазақстанда соңғысы 1949 жылы атылған деген дерек бар.

null 

ХХ ғасырдың басында Жетісу өңірінде түсірілген сурет. Суреттің авторы - мажар шығыстанушысы Дьерд Альмаши.

Тұран жолбарысының құрып кетуіне мақсатты түрде жүргізілген аңшылық себеп болғаны даусыз. Ең өкініштісі, осы аңшылыққа бірді-екілі аңшы емес, тұтас әскери бөлімшелердің жұмылдырылуы жағдайды тіпті ушықтырып жіберген екен. Бұған қоса жыртқыштардың азығы саналатын тұяқты жануарлардың есепсіз аулануы, ирригациялық жобалар үшін аңдардың өмір сүру орындарының құрып кетуі Тұран жолбарысының тұқымын тұздай құртуға себеп болды. Осының салдарынан тоғайлы ормандардың тоз-тозы шығып, өзен-көлдердің жағасын алып жатқан қамысты әрі батпақты аумақтар құрғап қалды.

Әлемдегі жолбарыстардың жаппай жойылып бара жатқаны себепті, 2008 жылы Бүкіләлемдік Банктің президенті Р. Зеллик жаһандық «Жолбарыс бастамасын» қолға алды. Аталған бастама аясында 2010 жылы Санкт-Петербургте Ресей президенті В.Путиннің шақыруымен Жер жаһандағы жолбарыстарды аман алып қалу бойынша Халықаралық форум өткізілді. Форумда тұжырымдалған жоспар бойынша 2022 жылға қарай әлемдегі жолбарыстардың санын екі есеге арттыру мақсаты алған қойылған болатын. Дәл осы форумда WWF ұсынысы негізінде Қазақстан мен Ресей Орталық Азиядағы жолбарыстарды қайта өсіру бағдарламасының қолға алынғанын жариялаған болатын.

Бүгінгі күнге дейін Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Иран, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Түркия елдерінің Тұран жолбарысын өсіруге болады-ау деген аймақтары зерттеліп, сараланғанымен, ақыры, екі орын, атап айтқанда Арал теңізінің Өзбекстанға қарасты аумағы мен Қазақстанның Балқаш көлінің маңы таңдалып алынған еді. WWF Тұран жолбарыстарын (негізінен Амур жолбарыстарынан өсіру) Қазақстанда - Балқаш өңірінде қалпына келтіру бастамасына қолдау білдірді. 2017 жылдың 8 қыркүйегінде Қазақстан Үкіметі жолбарысты Іле-Балқаш аймағындағы тарихи тіршілік мекеніне қайтару бойынша жоспарын жария етіп, жолбарыс реинтродукциясының бірлескен бағдарламасын іске асыру жөнінде WWF-мен меморандумға қол қойды. Құжатты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов (сол тұстағы) пен WWF International бас директоры Марко Ламбертини рәсімдеді.

Соңғы жаңалықтар