Сенатта 2016-2018 республикалық бюджетке түзетулер таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатта «2016 - 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды.

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сенаторларды Үкіметтің Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық болжамымен таныстырды. Оның айтуынша, 2016 жылға макроэкономикалық көрсеткіштері болжамын нақтылау мынандай: мұнай барелінің орташа жылдық бағасы 30-дан 35 АҚШ долларына дейін; АҚШ долларының жылдық орташа бағамы 360 теңге деңгейінде сақталып отыр; мұнайдың орташа жылдық бағасының көтерілуіне және биылғы жылы қазанда «Қашағанның» іске қосылуы күтіліп отырғанда мұнай өндірудің көлемі 74,0-ден 75,5 миллион тоннаға дейін ұлғайды.

Жыл басынан бері жаңартылып әзірленген шарттар мен экономика салаларының даму қарқынын ескере отырып, 2016 жылы ЖІӨ-нің өсуі бұрын белгіленген деңгейде - 0,5 пайыз қалпында қалады. ЖІӨ 44 354,0 миллиард теңге көлемінде болжанып отыр, ол бұрын белгіленгеннен 187,5 миллиард теңгеге жоғары. ЖІӨ жан басына шаққанда 6,9 мың АҚШ долларын құрайды. Экспорт бойынша болжам 3,2 миллиард долларға ұлғайып, 35,3 миллиард, импорт 4,6 миллиард долларға ұлғайып 26,7 миллиард долларға жетті.

Қ.Бишімбаев «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға енгізу көзделіп отырған өзгерістер туралы сенаторларды хабардар етті. Республикалық бюджет көрсеткіштерін нақтылауға байланысты және Ұлттық қорды елеулі төмендетпеу мақсатында 2016 жылы кепілдендірілген трансферт мөлшерін 2 880 миллиард теңгеден (8 миллиард АҚШ доллары) 2 479,7 миллиард теңгеге дейін (6,9 миллиард АҚШ доллары) қысқартып, 400,3 миллиард теңгеге азайту ұсынылып отыр. Сондай-ақ мақсатты трансферттерді 54,6 миллиард теңгеден 752,9 миллиард теңгеге дейін азайту ұсынылады. Сөйтіп, Үкімет Ұлттық қордың трансферттерін 2016 жылы 454,9 миллиард теңгеге қысқартуды (1,3 миллиард АҚШ доллары) ұсынады.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов парламентшілерге «2016 - 2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы»  заңға өзгерістер мен толықтыруларды ұсынды. Оның айтуынша, ұсынылып отырған түзетулер Мемлекет басшысының биылғы 9 қыркүйекте болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойған міндеттерін іске асыруға бағытталған.

Бұл жерде экономиканы әртараптандыруды қолдау және «Нұрлы Жол» бағдарламасын одан әрі іске асыру аясында көлік инфрақұрылымын дамыту туралы айтылып отыр.

Бюджетті нақтылаудың маңызды көрсеткіші Ұлттық қордан алынатын қаржының көлемін азайту және ЖІӨ-нің мұнайлық емес дефицитін тиісінше қысқарту болып отыр.

Б.Сұлтанов нақтыланған бюджеттің негізгі көрсеткіштерін атады. Атап айтқанда, кірістер (трансферттерді есептемегенде) 2016 жылы 4 200,2 миллиард теңге, ол жоспардан 834,9 миллиард теңге жоғары көлемінде бағаланып отыр. Республикалық бюджеттің шығыстары 2016 жылы 8 646,7 миллиард теңгені құрады, ол бекітілген жоспардан 379,9 миллиард теңгеге көп.

Бюджеттің шығыс бөлігінің өзгерістері жекелеген бағдарламалардың қайта бөлінуіне байланысты болды. Экономикалық өсімді ынталандыруға қосымша 283,4 миллиард теңге, әлеуетті бөлікке - 70,2 миллиард теңге, ірі халықаралық шараларды әзірлеуге 136,4 миллиард теңге көзделді. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму салаларындағы бірқатар бағдарламаларды қаржыландыру ұлғайтылады.

Бюджет дефициті бекітілген деңгейде 902,7 миллиард теңге немесе ЖІӨ-нің 2,0 пайыз көлемінде сақталып отыр.

Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов «Ақша-несие саясаты туралы» баяндама жасады. Қаржы реттеушісінің басты міндеті ретінде ол баға тұрақтылығы мен инфляция деңгейін белгіленген дәліз деңгейіне жеткізуді қамтамасыз етуді атады.

Ұлттық банкінің бағалауы бойынша 2016 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция мақсатты дәліздің жоғарғы шегіне (6-8 пайыз) жақындады. Валюта нарығындағы жағдай тұрақты күйінде қалып отыр. Ұлттық банкі 2016 жылы еркін айырбас бағамы саясатын жүргізуді жалғастырады, баяндамада атап өтілгендей, еліміздің алтын валюта қорын сақтауға және бірте-бірте қалпына келтіру үдерісін бастауға мүмкіндік берді.

А. Ахметов Қазақстанның халықаралық қорларының өскені туралы хабарлады. 2016 жылғы тамыздың соңында Ұлттық банкінің халықаралық жалпы резерві 30,7 миллиард АҚШ долларын құрады, ол 2012 жылғы шілдеден бергі жоғары нәтиже болып отыр. Жылдың басында ол 27,9 миллиард АҚШ долларын құраған болатын. Еліміздің халықаралық резерві, Ұлттық банкінің резервтері мен Ұлттық қордың активтерін қосқанда 95,6 миллиард АҚШ долларына (жылдың басында - 91,4 миллиард доллар) жетті.

Талқылау барысында депутаттар баяндамашыларға сауалдар қойды. Атап айтқанда, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Ұлттық қордан көлік инфрақұрылымын дамытуға трансферт бөлу және ауыл шаруашылығына бөлінетін бюджет қаржыларын игеру туралы сұрақ қойды.

Депутат Бірғаным Әйтімова «Назарбаев университеті» АҚБ-ның бірқатар нысандары құрылысына бөлінетін 53 миллиард теңгеден астам сома қосымша қаржы шығыстарын бөлу қажеттігіне байланысты сұрақ қойды.

Сенатор Владимир Редкокашин 6-8 пайыз мөлшеріндегі белгіленген дәліздегі инфляция болжамының негізіне күмән келтірді.

Парламентші Қуаныш Айтаханов пен Әли Бектаевтың сұрағы ауыл шаруашылығы кооперативтерін техникалық тұрғыда қамтамасыз етуге қаржы бөлу мен шағын және орта бизнесті екінші деңгейдегі банкілер арқылы субсидиялауға қатысты болды.

Депутат Жабал Ерғалиев Щучинск-Бурабай шипажай аймақтары нысандарын сумен және Ақмола облысындағы бірқатар елді мекендерді электрмен қамтамасыз етуге үкімет өкілдерінің назарын аударды.

Сенатор Ольга Перепечина бюджет үдерістерін жетілдіруге және мемлекеттік бюджет қаржысын мақсаттан тыс пайдалануды болдырмауға байланысты ұсыныстар айтты.

Таныстырылымда аяқтай келіп, Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов заң жобаларын талқылау Сенат комитеттерінде жалғасатынын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар