Сенаторлар Кереку ұстаздарымен рухани жаңғыру бағдарламасын талқылады

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат - Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова бастаған Сенат депутаттары Павлодар облысында жұмыс сапарымен болып, аймақтағы орта білім берудің жағдайымен, саланың өзекті мәселелерімен және даму келешегімен танысты.

Депутаттар еңбек ұжымдарымен, жалпы білім беру, шағын жабдықталған және арнаулы мектептер мен лицейлердің ұстаздарымен, ата-аналар комитеттерінің өкілдерімен және оқушылармен кездесті.

Қазақ тілінде жалпы білім беретін №25 орта мектепте облыс орталығының ұстаздар қауымымен кездесу болды. Шарада 12 жылдық білім беру бағдарламасын енгізу, балаларды үш тілде оқыту, оларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жүздесуде еліміздегі және аймақтағы білім беру жүйесінің алдында тұрған өзекті мәселелер көтерілді. Жергілікті тұрғындар мен ұстаздар депутаттардан үш ауысымда оқыту мәселелерін шешуге, алыс елді мекендерде тұратын балаларды мектепке жеткізуді қамтамасыз етуге ықпал етуді сұрады. Шағын жабдықталған мектептердің тағдыры, ұстаздардың еңбекақысын төлеу, «Білім беру туралы» заңды іске асыруға байланысты алаңдаушылықтарын жеткізді. Оқытушылардың сауалдарына білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева жауап берді.

Сапар барысында депутаттар аутист балалар мен ақыл-ой дертіне шалдыққан балаларға арналған «Алтын бата» бейімдеу орталығына да барды.

17 сәуірде сенаторлар Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының жұмысымен танысты. Меймандарға ғылыми-техникалық жаңалықтар және олардың өндіріске енгізілген нұсқалары көрсетілді.

Профессорлық-оқытушылар құрамы алдында сөйлеген сенатор Б.Әйтімова білім беру мен ғылымды үйлестірген жоғары оқу орындары Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, рухани жаңғырудың алдыңғы шебінде болуы тиіс екенін атап өтті.

Б.Әйтімова, Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу туралы өз ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, әсіресе жастарда ұлттық сана-сезімнің жаңа негіздерін қалыптастыру, сондай-ақ қазақ тілін латын алфавитіне көшіру, әлемнің 100 оқулығын қазақ тіліне аудару туралы айтылды. Сенатор рухани жаңғырудағы бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, дамудың эволюциялық жолы, сана ашықтығы секілді мақсаттарға қол жеткізудің маңызына назар аударды. Шараға қатысушылар Мемлекет басшысы белгілеген межелер барша халықтан, ең алдымен білім беру жүйесінен зор күш-жігерді талап ететіні туралы ортақ пікірге келді.

Сапарға сенаторлар Әли Бектаев, Жабал Ерғалиев, Нұрлан Қылышбаев, Төлеубек Мұқашев, Владимир Редкокашин қатысуда. 18 сәуірде парламентшілер Ақсу мен Екібастұз қалаларында, Ақтоғай, Қашыр, Лебяжі, Павлодар, Успен, Шарбақты аудандарында ұстаздар қауымымен кездеседі.

Облысқа сапардың қорытындылары Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің 19 сәуірде Павлодарда өтетін көшпелі отырысында қаралатын болды. 

Соңғы жаңалықтар