Сенатор: Ұлттық жаңғырудың басымдықты бағыттарында ұлттық спорт ойындары да тұруға тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Жабал Ерғалиев ұлттық спорт ойындарының түрлері бойынша Қазақстан олимпиадасын ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бүгінгі және келешектегі өзіміздің әр ісіміз бен әр ойымызды, иделогиямыз бен саясатымызды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» терең ойлы еңбегінде айтылған қағидаттармен байланыстыра білуіміз керек деп санаймыз. Осы орайда алдағы уақытта мына бір жайларға назар аударғанды жөн деп таптық: ұлттық жаңғырудың ендігі басымдықты бағыттарында біздің ұлттық спорт ойындары да  тұруға тиісті болса керек. Өйткені ұлттық спорт та ұлттық сананы, ұлттық рухты қалыптастырудың ұлттық коды болып саналатындығын да ұмытпағанымыз абзал. Әрине, заң жобасында Ұлттық олимпиадалық комитетінің рөлін күшейту, Олимпиада спорт түрлері бойынша талантты спортшыларды даярлауды жақсарту ұстанымының көрініс табуы да жөн, өте орынды. Алайда ұлтық спорт ойындарымыздың бәрі бірдей олимпиадалық ойындар қатарына енуі де мүмкін емес. Бұл талас тудырмайтын мәселе. Сондықтан ұлттық спорт ойындары бойынша Қазақстанның өз олимпиадасы болғаны дұрыс»,-деді Жабал Ерғалиев «Дене тәрбиесі және спорт мәселелері бойынша ҚР-дың бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында.

Осы орайда депутат елімізде ұлттық спорт ойындарын дамытудағы насихаттау шаралары жеткіліксіз екенін атап өтті.

«Негізінен, ұлттық спорт ойындарымен айналысатын ауыл балалары мен жастары. Сол ауылдың балалары мен жастары кей жағдайда ұлттық спорт түрлерінен өткізілетін жарыстарға баратын қаржы мен көлік таба алмай қиналып жатады. Қазақстанда ұлттық спорт ойындарының жеңімпаздары мен чемпиондарының жетістіктерін де ешкім біле бермейді. Олар дәріптелмейді, айтылмайды, насихатталмайды»,-деді Ерғалиев.

Бұл тұрғыда депутат алдағы уақытта елімізде ұлттық спорт ойындарының түрлері бойынша Қазақстанның олимпиадасын аса мәртебелі жағдайда өткізілуін қарастыруды ұсынды.

«Дене тәрбиесі және спорт мәселелері бойынша ҚР-дың бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасы екі оқылымда талқыланып, қабылданды.

Соңғы жаңалықтар