Сенат Төрағасы: Шетелге білім алуға кетіп жатқан жастар санының артуы алаңдатады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелге білім алуға кетіп жатқан жастар санының күннен-күнге арта түсуі алаңдатарлық жайт. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өтіп жатқан «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық  реттеу перспективалар» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Материалдық және моралдық ынталандыруды дұрыс жолға қоймасақ біз мұғалім кәсібінің мәртебесін жоғарылата алмаймыз. Қазірше талапкерлер көп жағдайда педагогикалық жоғары оқу орындарын оңай түсуге болатын оқу орны деген қағидат бойынша таңдайтыны жасырын емес. Өйткені педагогикалық мамандық бойынша оқуға түсуге қажетті балл саны басқа мамандықтармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мұндай жағдай келешекте оқытушылар құрамының сапасына тікелей кері әсер ететіндігі анық. Ал бұл толығымен керісінше болуы тиіс. Қазақ халқының аса көрнекті ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушылар оларды кінәлауға тиісті емес. Оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс», деген. Сондықтан да ұстаздардың біліктілігіне, білім деңгейіне ерекше назар аудару қажет», - деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар ол  еліміздегі орта білімнің мазмұны негізінен білім алуды жоғары оқу орнында жалғастыруға бағытталғанын атап өтті.

«Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқандардың саны шамамен 11 пайызды құрайды. Өйткені техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыру деңгейі әлі де төмен.  Мектеп оқушыларының 90 пайызы білім алуды жоғары оқу орнында жалғастыруды қалайды. Қазіргі кезде студенттердің үштен бірі ғана мемлекеттік білім тапсырысы негізінде жоғары білім алуда. Қалғандары ақылы негізде оқиды. Олардың саны мемлекеттік тапсырыспен оқитындардан екі есе көп. Мектеп бітірушілердің айтарлықтай тобының шетелдерге оқуға ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Шетелдің жоғары оқу орындарына кетіп жатқан талапткерлер санының күннен күнге өсуі  бізді алаңдатып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар