Сенат ТМД соғыс ардагерлеріне жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы хаттаманы ратификациялады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан қызметшілердің отбасына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялу туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Аталған Заң жобасы бойынша баяндама жасаған еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, заң жобасы ТМД мемлекеттерінде келісімде бекітілген жеңілдіктер мен кепілдіктерді белгіленген санатта заттай немесе елдердің ұлттық заңнамасына сәйкес ақшалай беруге мүмкіндік жасайды.

«Осы нормаға сәйкес біріншіден, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ, бірақ Қазақстанда тұрақты тұратын адамдарға егер ол келісімде көрсетілген санаттағы азаматтар қатарына кіретін болса, онда Қазақстан азаматтарымен бірдей арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алу құқығына ие болады. Екіншіден, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағына  уақытша келген ардагерлерге берілетін кепілдіктер тізімі де өзгеріп отыр. Бұл орайда, ауырған жағдайда, жарақат алғанда улану және адам өміріне қауіп төндіретін басқа жағдайдарда медициналық ұйымдарда тегін жедел медициналық көмек алу, тұрмыстық, сауда-саттық, қоғамдық тамақтану орындарында, қоғамдық көлікте, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында , байланыс, мәдени ағартушылық ұйымдарында кезектен қызмет алу құқығы уақытша келген мемлекеттің заңнамасына сәйкес қарастырылатын болады», - деді министр.

Сонымен қатар Т. Дүйсенова 1944 жылдың 1 қаңтары мен 1951 жылдың 31 желтоқсаны аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР,  Литва КСР, Латвия КСР,  Эстон КСР  аумақтарындағы заңсыз құрылымдар мен топтарды жою ұрыстарына тікелей қатысқан адамдарды қосу арқылы келісімнің аясы кеңейген.

Айта кетейік, хаттама негізінен бірқатар ТМД мемлекеттерінде ақшалай төлемдердің нақты жеңілдіктермен ауыстырылуын есепке ала отырып, өзектендіруді қарастырады. Бұнымен қоса, соғыс ардагерлеріне басқа ТМД мемлекеттерінің аумағында уақытша болуы кезіндегі берілетін кепілдердің тізімі нақтыланады.

Бұдан бөлек, келісім қамтылатын тұлғалар санаты да кеңейтіліп отыр. Атап айтқанда, бұған Украина КСР-і, Беларусь КСР-і, Литва КСР-і, Латвия КСР-і, Эстония КСР-і аумағында 1944 жылдың 1 қаңтары мен 1951 жылдың 31 желтоқсаны аралығында әрекет еткен заңсыз құрылымдар мен топтарды (бандитизм) жою жөніндегі соғыс операцияларына қатысушылар да жатқызылады. Бұдан бөлек, келісім бойынша соғыс қимылдарына қатысқандар арасынан бұрынғы КСРО азаматтарының белгілі бір санатын анықтау үшін бірыңғай қадамдар әзірлеу мақсатында соғыс қимылдары болған мемлекеттер, қалалар, территориялар мен кезеңдер тізімі толықтырылады.

Аталған хаттамаға Душанбе қаласында 2015 жылдың 30 қазанында қол қойылған.

Соңғы жаңалықтар