Сенат рақымшылық жасау туралы заң жобасын мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов осы рақымшылық түрмедегілерді босатып, олардың санын азайтуды көздеп отырмағандығын атап өтті.

Оның айтуынша, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық жасау сияқты аса қауіпті қылмыстар 20 жыл қатарынан азайып келеді. Әлемде қоғам қауіпсіздігі тап осы қылмыс түрлерімен бағаланады. Бүгінгі күні ондай қажеттілік те жоқ. Бұрын сондай проблема болған еді. Өткен рақымшылықтар расында да тек солардың санын азайту үшін жасалды. Себебі жиырма бес жылдың ішінде түрмедегілердің саны үш есе азайды. 105 мыңнан 36 мыңға дейін қысқарды. Тек соңғы төрт жылдың ішінде бірде-бір рақымшылық жасамай, 30 пайызға кеміді. Оған Жоғарғы сотпен бірлескен «түрмедегілерді азайтудың 10 шарасы» жобасы себеп болды. Оның негізгі идеясы - «бостандыққа шығу өз қолыңда» қағидасына байланысты. Әрбір сотталған түзелемін десе, зиянды өтесе, түрмеден ерте шыға алады. Осы жоба іске асқаннан бері рақымшылыққа қажеттілік болмай қалды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес өз бастамасымен Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын енгізді. Бұл рақымшылық шарасы заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналады.  Гуманизм қағидатының бір көрінісі оған сәйкес рақымшылық жасау актін қолданатын заңды қабылдау болып табылады. Заң жобасына сәйкес, азаматтардың әлеуметтік әлсіз топтары, соның ішінде кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар қылмыстық жазадан босатылады. Атап айтқанда, Заң жобасымен рақымшылық жасалатын адамдардың шеңбері, сонымен қатар рақымшылық жасау акті қолданылмайтын субъектілер анықталады. Жазаның өтелмеген бөлігі айыппұлмен немесе бостандығын шектеумен алмастырылады немесе қысқартылады. Мұнымен қоса, заң жобасында рақымшылық жасауды қолдану шарттары көрсетілген. Заң жобасына сәйкес, заңды орындауды оның қолданысқа ену күнінен бастап алты ай ішінде жүргізу болжанып отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, рақымшылыққа 28 мың адам ілігуі мүмкін.  Бұл ретте айыппұл шарасына, шартты жазаға кесілгендер, қоғамдық жұмыстарға және басқа да ауыр емес жазаға тартылғандар қамтылатын болады. Белгілі болғандай, лаңкестік және басқа ауыр қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілікпейді. Негізі рақымшылық жасау аса ауыр емес қылмыстарға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және қоғамдық қауіптілігі жоқ қылмыстарға көзделген. Сонымен қатар, рақымшылық аясында бас бостандығынан айыру орындарынан 1500 адам босап шығады.  

Соңғы жаңалықтар