Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: -9 °С
Алматы: 0 °С
USD 334.32 EUR 392.29
RUB 5.63 CNY 50.53
Жаңалықтар

Сенат құқық қорғау процестерін жаңғыртуға бағытталған заң жобасын қабылдады

2017 жылғы 7 желтоқсан 12:35 965
Поделиться:
Сенат құқық қорғау процестерін жаңғыртуға бағытталған  заң жобасын қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда талқыланып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Адвокаттардың мүмкіндіктері кеңейеді. Егер адвокат тергеушінің ұстанымымен, прокурордың шешімімен келіспей жатса, онда ол сот арқылы  талабын орындай алады. Мысалы, тергеу кезінде дәлел алмасу деген институт жаңадан енгізіліп отыр. Осы орайда қорғау мен айыптау тараптары сотқа дейін барлық дәлелдерін біріне-бірі ашып тастауы керек, бірақ қорғаушыда бір артықшылық бар.  Олар кейбір дәлелді, яғни істің тағдырын шешетін куәгерге қысым жасалмауы мақсатында оны тергеуге ашпай, тек сотта жариялауға мүмкіндік алып отыр», - деді ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов заң жобасы бойынша баяндамасында.

Оның сөзіне қарағанда, тергеу органдарында ондай мүмкіндік жоқ. Тергеу тарапы сотқа дейін қорғаушы жағына барлық дәлелді жүз пайызға ашып тастауы керек.

Аталған заң жобасы аясында құқық қорғау органдарының жауапкершілігі артады. «Бұл заң жобасы құқық қорғау органдарын күшейтпейді, бізге ешқандай жаңа өкілеттік берілмейді. Оның мақсаты біздің мойнымызға жаңа міндеттерді жүктеуге, жауапкершілікті арттыруға негізделген. Қазір санкциясыз күдіктіні 72 сағатқа дейін құқық қорғау органдары ұстауға құқылы. Ал осыны 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынып отырмыз. Егер күдікті 18 жасқа толмаса, онда тіпті 24 сағатқа дейін. Бұл шаралар басым көпшілік қылмыстар үшін ескерілген», - деп тоқталды Бас прокурор.

Оның пайымынша, бұл бағытта тергеу бойынша құқық қорғау органдары жұмыстары жылдамдайды деп күтілуде.  Біріншіден, осы 48 сағаттың ішінде тергеуші барлық дәлелді жинап, прокурорға барып, түсіндіруі тиіс. Прокурордың көзі жетсе, сотқа жүгініп, соттың шешімі шығады. Осының барлығы 48 сағаттың ішінде болуы керек. Ал үлгермесе, уақытша ұстау оқшаулағышының басшысы адамды босатуы тиіс. Егер шығармаса, өзі жауапкершілікке тартылатын болады. Жалпы, 48 сағаттық мерзім халықаралық стандартқа сай келеді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айында Мемлекет басшысы Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгізді.

 

 


Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Пікір қалдыру
Мұрағат