Сенат Елбасының сынына орай заң сапасына мейлінше мән бермек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат Бюросының отырысы өтті. Төраға өз сөзінде Палата қызметіндегі бірқатар ұйымдастыру мәселелерін жария етті.

Атап айтқанда, Сенаттың кадрлық өзгерістерден кейін Қ.Тоқаев Парламенттің жоғарғы Палатасы Төрағасының орынбасарлары арасындағы міндеттерді бөлу туралы Өкімге қол қойған болатын. Бектас Бекназаровқа заңнамалық қызметті жүзеге асыруға байланысты, оның ішінде Сенаттың жұмыс жоспарын әзірлеу және тұрақты комитеттердің заң жобаларымен жұмысын ұйымдастыру мәселелерін үйлестіру жүктелді.

Одан басқа, Бекназаров Регламент және депутаттық этика жөніндегі комиссияның мүшесі болып табылады. Төраға орынбасарының қатысуымен комиссия жұмысы жалғаса береді. Сергей Громов Сенаттың мәслихаттармен өзара іс-қимылы, депутаттық топтардың қызметі, сенаторлардың аймақтарға сапары, сондай-ақ қаржы-шаруашылық қызметін үйлестіру мәселелерімен айналысады.

Сенат Төрағасы заң жобаларымен жұмыс барысында Регламенттің талаптарын қатаң сақтау қажеттігіне Бюро мүшелерінің назарын аударды. «Әрбір заң жобасын жан-жақты талқылап, олардың сапасына айрықша мән беріп байыпты шешім қабылдау - біздің басты міндетіміз. Елбасы қабылданған кейбір заңдардың сапасына қатысты әділ сын айтқан болатын. Сенаттың заңдарды қабылдап Елбасының қол қоюына ұсынуы сенаторларға аса жауапты міндет жүктейтінін терең сезінуіміз қажет», - деді Қ.Тоқаев.

Бюрода Палатаның 29 қыркүйекте болатын кезекті отырысының күн тәртібі келісілді. Сенаторлар «1994 жылғы 15 сәуірдегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған жеңілдіктер мен кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобаларын қарайды.

Бюро Қаулысы бойынша Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне «Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы берілді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

Отырыста 2016 жылғы қазанда елімізде биологиялық алуан түрліліктің сақталуын заңнамалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау өткізу туралы шешім қабылданды. Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті тыңдауды ұйымдастыруға жауапты болып белгіленді. Сондай-ақ қазанда жол қозғалысы саласындағы құқықтық реттеу мәселелері жөніндегі тыңдау өткізу белгіленді, оны Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті ұйымдастыратын болды.

«Парламенттік тыңдаулар қабылданған заңдардың іске асырылу барысы туралы жан-жақты және толық ақпарат алып, түйінді мәселелерді терең зерделеуге мүмкіндік береді, - деді Қ.Тоқаев. - бұл Палаталардың Конституцияда белгіленген құқығы, осы мүмкіншілікті алдағы кезеңде кеңінен қолдануымыз қажет».

Одан басқа, Бюро сенаторларды халықаралық парламенттік ұйымдарға және Парламент Сенатының шет мемлекеттер парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі топтарына жіберу туралы Қаулы қабылдады. 

Соңғы жаңалықтар