Сенат депутаты: Әскери ведомстволарға бөлінетін қаржы неге аз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев әскери оқу орындарының материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасы білім беру процесіне тиісті деңгейде ұйымдастыруды толығымен қамтамасыз ете алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақында ғана Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Солтүстік Қазақстан облысында өткен көшпелі отырыс барысында Ұлттық ұлан әскери институтының жабдықталуымен және оқу процесінің ұйымдастырылуымен танысты. Сондай-ақ, әскери білім беру жүйесін дамыту мәселелері қарастырылды. Өкінішке қарай, әскери оқу орындарының материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасы білім беру процесіне тиісті деңгейде ұйымдастыруды толығымен қамтамасыз ете алмайды», - деді сенатор «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде.

Оның айтуынша, Ұлттық ұлан және Төтенше жағдайлар комитеті басшылығының ақпаратына сәйкес, өткен жылдары жеткіліксіз қаржыландыру себебінен ведомстволық бағынышты оқу орындары ғана емес, өзге де бөлімшелердің материалдық-техикалық жабдықталуы қанағаттанарлықсыз жағдайда қалған.

«Бұл мәселені Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынына байланысты соңғы оқиғалар растады. Менің сұрағым: Ұлттық ұлан мен ТЖК өздеріне жүктеген міндеттерін тиімді орындау үшін жыл сайынғы жеткіліксіз қаржыландыру мәселесі қашан және қалай шешіледі?», - деді Мұсабаев.

Сенатордың бұл сұрағына ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов жауап берді.

«Өзіңіз айтып кеткендей, депутаттар тобы екі институтқа арнайы барып, оқу жағдайын тексеріп, жеке құраммен кездескен. Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан және ТЖД басшылары Ұлттық ұлан институтына 375 млн, Көкшетаудағы Төтенше жағдайлар институтына 275 млн ұсынып отыр. Ол арнайы техникасы үшін, компьютерлік техникаға жұмсалады. Осы ұсыныстарды нақты қарап отырмыз. Нақтылау болса соған енгізуді көздейміз. Болмаса 2019 жылға қарастырылатын бюджетке енгіземіз. Қазір осы нақтылау бойынша бізге 10 млрд қаражат бөлінді. Оның 80 пайызын Ұлттық ұланға береміз», - деді Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар