Сенат депутаттары сайлауының алдын ала нәтижелері белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлаудың алдын ала мәліметтері белгілі болды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана уақытымен 12-00-де  14 өңірде ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттарды  сайлаудың алдын ала қорытындылары шығарылды. Дауыстарды санау нәтижелерін  ОСК-нің сайтынан көре аласыздар. ҚР-дағы сайлау туралы Конституциялық  заңының 78 бабы 2 тармағына сәйкес облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссияларының дауыстарды  санау хаттамасы  сайлау күнінен бастап екі  күнге толмай Орталық сайлау комиссиясына табысталуы тиіс. Осы хаттамалардың  негізінде ОСК республика бойынша сайлау қорытындыларын шығаратын болады», - деді Ләззат Сүлейменова.

Оның айтуынша, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында алдын ала қорытынды әлі шыға қойған жоқ.

Сонымен Ақмола облысында Дәурен Әділбеков 94,46, Ақтөбе облысында Мұхтар Жұмағазиев 93,12, Алматы облысында Нұрлан Қылышбаев 91,13, Атырау облысында Ғұмар Дүйсембаев 82,44, Жамбыл облысында Абдалы Нұралиев 86,87, Батыс Қазақстан облысында Нариман Төреғалиев 80,41, Қызылорда облысында Мұрат Бақтиярұлы 70,14,  Қостанай облысында Жеңіс Нұрғалиев 86,49, Маңғыстау облысында Бақтыбай Шелпеков 76,11, Павлодар облысында Нұржан Нұрсипатов 82,14, Солтүстік Қазақстан облысында Ерік Сұлтанов 84,62, Оңтүстік Қазақстан облысында Әлімжан Құртаев 82,14, Астана қаласында Еділ Мамытбеков 92, Алматы қаласында Динар Нүкетаева 94,12 процент сайлаушылардың дауысын жинады.

Соңғы жаңалықтар