Сенат әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Құжатқа өзгерістер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамасын одан әрі жетілдіруге, әкімшілік-деликтілік заңнамасын ізгілендіруге, жекелеген процестік нормаларды жүйелеуге, сондай-ақ құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жоюға негізделген.

Талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына Сенат депутаттары өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Осы орайда әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істерді қарау бойынша сот пен уәкілетті орган арасындағы құзыреттердің аражігін ажырату, кодекстің құрылымдық элементтеріндегі сілтемелерді сәйкес келтіру, заң жобасының ішкі қайшылықтарын жою ескерілген.

Сонымен қатар заң жобасын «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне оларды ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 11 шілдедегі Заңының нормаларымен сәйкес келтіру мәселесі қарастырылған. Аталған талап ҚР Жоғарғы Соты төрағасының өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді.

«Барлық ескертулер мен ұсыныстар 33 түзетулерден тұратын салыстырма кестеге енгізіліп, барлық түзетулер қабылданды», - деді депутат Дулат Құсдәулетов.

Соңғы жаңалықтар