Семейлік тұрғындар қаржы пирамидасына 71 млн теңге салған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметі 2014 жылы құрбысымен бірге Ақтөбе қаласында қаржы пирамидасын құрған Ш. есімді азаматшаға қатысты қылмыстық істі тергеп, сотқа жіберді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлайды.

Айыпталушылар «million888соm» веб-сайтын құрып, оған аса ірі көлемде қаржы құятын салымшыларды тартқан.

«Жобаның шарты мынадай болған: жеке тұлғалар «профиль» (жобаға серіктес ретінде қатысуға өтініш) толтырып, Ш. есімді азаматшаның банк карточкасына бағдарламаға қатысу үшін қажетті қаражат аударып отырған. Сайтқа тіркелген адамдар оларды шақырған адамдардың артынан сәйкесінше орын алған. Кейін бағдарлама қатысушылары өзінің артынан тағы екі адам ертіп, осылайша жалғасып отырған. Тек қосымша қатысушыларды (олардың саны жетеуден кем болмауы керек) шақырғаннан кейін ғана «жеті орындық үстел» құрылған. Кейін, соңынан алты адамды тіркеген адам 180 мың теңге көлемінде сыйақы алып отырған. Оның 125 000 теңгесі Ш. есімді азаматшаның карточкалық шотына түсіп, ал қалған 55 мың теңге бағдарламаға инвестиция ретінде құйылып келген», - деп түсіндірді ШҚО МКД ЭТҚ бас тергеушісі Лейла Ысқақова.

2015 жылы құрбысының Ақтөбеде кенеттен қаза табуына қарамастан, Ш. қылмыстық ісін жалғастыра берген.  Ол автожоба енгізу мақсатында «tulpar.million888.com» web-сайтын құрған. Осылайша, алаяқ әйел «Тойота-Королла» маркалы жаңа көлікті сыйға тартуға уәде етіп, салымшыларды тартып жүрген.

Тергеу барысында анықталғандай, 2014 жылдың шілдесі мен 2016 жылдың тамызы аралығында  Ш. есімді азаматтың шотына 71 млн. теңге түскен. Ол 2015 жылы өзін көпшілікке «tulpar.million888соm.» компаниясының директоры ретінде таныстырып үлгерген.

Қалалық соттың үкімімен Ш. есімді азаматша мүлкі тәркіленіп, 5 жылға сотталды және 7 жыл мерзімге жеке және заңды тұлғалардан табыс табу мақсатында ақша алу құқығынан айырылды.

Өңірдегі экономикалық тергеу қызметі тұрғындарға абай болып, қаржы пирамидасы туралы барлық фактілер бойынша сенім телефонына хабарласуды сұрайды.

Соңғы жаңалықтар