Семейлік сарбаздар қанды оқиға болған жол бойында кезекшілік атқаруда
Қаржаубайұлы көшесінде орын алған қайғылы оқиғадан кейін қазір Ұлттық ұланның сарбаздары кезекшілік атқаруда. Осы жолдың жиегіндегі № 3 мектеп орналасқан. Сондықтан оқушылардың барлығы реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінен өтеді. Бұл жерде жылдамдықты 40 км/с-ға дейін төмендету белгісі көрсетілгенімен, көлік жүргізушілері жылдамдық асырып, қауіпсіздік ережелерін ескермейді. Ал сарбаздар оқушыларды жолдан өткізіп, ереже бұзған жүргізушілерді тоқтатып, ескерту жасауда.
«Біздің сарбаздар оқиға орын алған жолда 18.00-ден түнгі сағат 12-ге дейін күнделікті кезекшілік атқаруда. Олар оқушылар мен қатар тұрғындардың да жолдан өтуіне көмектеседі. Жүргізушілерді тоқтатып, ескерту, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», - дейді ҚР Ұлттық Ұланының 5511 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары Аманжол Байқуанышев.
Еске сала кетсек, осы жерде жүк көлігі 2 мектеп оқушысын қағып кеткен болатын. Салдарынан 1 қыз бала көз жұмды.