Семейдегі екі баланың әкесіне оқ атқан жігіттің есі ауысқан болып шықты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семей қаласына жақын маңдағы ауылда өзінің көршісін атып өлтірген жігітке қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Аталған қылмыс бойынша сот ісі Шығыс Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот материалдарына сәйкес, күдікті ауыр психологиялық сырқатпен (параноидты шизофрения) ауырған. Араққа сылқия тойып алып, екі көршісімен ұрсысып қалған ол өзінің үйінің есігін тарс жауып алған. Алайда жанжалдасқан жігіттің бірі оның ауласына кіріп, айғайлап, үй қожайынынына тіл тигізе бастаған.

Көп ойланбастап, үй қожайыны тығып қойған қаруын алып шығып, көршісін атып өлтірген.

Айыпталушы үйінде жалғыз тұрған. Жыл сайын арнайы емдеу мекемесінде бірнеше ай бойы емделіп жүрген. Сау кезінде ешкімге соқтықпаса да, спиртті ішім дік ішкен кезінде көршілерінің мазасын алуды әдетке айналдырыпты.

Жанжал болар күні ол «тентек судан» ішіп алып, көшеге шығып айғайлай бастаған. Көршілері басу айтса да, көнбеген көрінеді. Оқиға орнынан кездейсоқ өтіп бара жатқан жас көршісі (ол да мас болған) кикілжіңге араласып кетіп, оны қорқыта бастаған. Айыпталушы жасқанып, үйіне қашып кіргенге ұқсайды. Бәрі тарап кеткенімен, өтіп бара жатқан жас жігіт үй ауласына кіріп, қорқытуын қоймаған. Ақыры, бұған шыдамаған үй қожайыны әкесінен қалған қаруды алып шығып, ерегестің соңы өліммен аяқталған.

Сот айыпталушыны ісіне жауап беруге қабілетсіз деп танып, мамандандырылған типтегі ауруханада жіті бақылаумен күштеп емдеу туралы қаулы шығарды.

Қайтыс болған жігіттің артында әйелі мен екі баласы қалды.

Соңғы жаңалықтар