Семейдегі әуежай дауы: сот шешімі шықты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Алматылық компанияның меншігіне өтіп кеткен Семей қаласының әуежайы мемлекет меншігіне қайтарылатын болды. Бүгін Семей қаласындағы сот отырысында осындай шешім шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті әкімдік әуежайды халықаралық талаптарға сай ету үшін жөндеу жұмыстарымен әуреленіп жатқанда, алматылық белгісіз компания стратегиялық нысанды жеке меншігіне өткізіп алған. Әуежай о баста «Семейавиа» дейтін серіктестікке тиесілі болған. Қарызы басынан асқан компания банкротқа ұшырағандықтан, оның иелігіндегі әуежай ғимараты мен ұшып қону-жолағы мемлекет меншігіне берілуі тиіс-тұғын. Ол үшін «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына қомақты қаржы да бөлген. Алайда алматылық компания «Ертіс» ӘКК-нің алдын орап кеткен.

Бұл ақпаратты естіген облыстың әкімі Даниал Ахметов әуежайдағы мемлекет қаржысына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын уақытша тоқтатуға бұйрық берген. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ғимараттың іші-сырты жаңаланып, ұшып-қону жолақтарына сапалы жабын төселу тиіс болған. Сондай-ақ, халықаралық терминал орнату да көзделген.

«Жөндеу жұмыстары өз ретімен, кестеге сай жүріп жатқан. Жауапты тұлғалар кешірілмейтін қателік жіберіп отыр. Біз бұл істің-анық-қанығына жетеміз. Әуежай түбінде мемлекет меншігіне беріледі. Оған дейін жөндеу жұмыстарын тоқтатуға мәжбүрміз», - деді Даниал Ахметов.

Істің нүктесін бүгін Семей қаласының соты қойды. Сот аукционның шешімін заңсыз деп тауып, плматылық компанияның әуежайға иелік ету құқығын жойды.

«Мемлекеттік кіріс департаменті өткізген аукционды сот заңсыз деп тапты. Сәйкесінше әуежай «Ертіс» ӘКК балансына берілетін болады. Негізі мұндай стратегиялық нысан аукционға түспес бұрын конкурсты басқарушы мекеме оны «Ертіс» ӘКК-ге сатып алуды ұсыну керек болған. Оған бюджеттен қаржы да қарастырылып қойған. Сот осы жайттың бәрін ескере келе, біздің пайдамызға шешім шығарды», - дейді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев.

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов бұл дау туралы есеп беру кездесуінде мәлім еткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар