Семейде концессиялық жоба аясындағы алғашқы нысан салынуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда концессиялық жобалар арқылы инвестиция тарту жұмыстары қарқын ала бастады. Бұл жобаларға басты концессионер ретінде Еуропа даму және қайта құру банкі атсалыспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі Семейде салынып жатқан 320 орындық балабақша Қазақстандағы концессиялық жолмен салынған тұңғыш әлеуметтік нысан болатынын хабарлады. Құрылыс биыл жазда аяқталуы керек. Нысан алғашқы жылдарда концессионердің меншігінде болады. Концессионер меншік иесі ретінде мемлекеттен тапсырыс алып, құрылысқа кеткен шығынды белгленген мерзім ішінде қайтаруға күш салады. Осыдан кейін ғана балабақша мемлекет балансына көшеді.

Осыған ұқсас шарт бойынша облыста 2 медициналық нысан салынбақ. Оның бірі - Өскемендегі 300 орындық көпсалалы аурухана болса, екіншісі -  Семейдегі 200 орындық балалар ауруханасы. Зырян қаласындағы жылу қазандығына қос турбиналы генератор орнату жобасы да концессиялық жолмен жүзеге асуы тиіс.

- Өткен жылы облысымыз бірінші болып төрт концессиялық келісімшартқа қол қойды. Шарт  бойынша мемлекеттен жер және қажетті инфрақұрылым беріледі. Тиісті құжаттар ресімделген, енді концесионерге білек сыбанып жұмыс істеу ғана қалды, - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

2018 жылы Шығыста концессиялық шарт негізінде тағы 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде құны 5 млрд теңгеден асатын Өскеменнің жылу жүйесін жаңғырту жобасы бар. Аталмыш соманың 3 млрд теңгесін Еуропа даму және қайта құру банкі бөлетін болып келіскен. Жоба бойынша 2 шақырымнан астам жылу құбыры жаңартылып, Меновное кентін орталықтандырылған желіге қосу көзделген. Бұған қоса 11 сорғы стансасы мен 10 қазандықты күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Өңір үшін ең ірі концессионер Еуропа даму және қайта құру банкі болатын түрі бар. Жергілікті әкімдік пен банк өкілдері 88 жоба бойынша келіссөздер жүргізуде.  Олардың жалпы құны 227 млрд теңгеге жетіп отыр.

Соңғы жаңалықтар