Щучьеде Республикалық жаңа шаңғы базасы ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Щучье қаласында шаңғы спортына арналған Республикалық жаңа базаның ашылуы өтті. Жаңа трассаның мүмкіндіктерін халықаралық FIS турниріне қатысқан шаңғышылар алғашқы болып байқап көрді. Еліміздің 10 облысынан және Украина, Ресей мен Беларусь Республикаларынан келген 100-ге жуық спортшы бақтарын сынады. Жарыстар шаңғы спортының 6 түрі бойынша өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Хабарланғандай, аталған жарыстың арқасында спортшылар Халықаралық шаңғы федерациясы тізіміндегі рейтингтерін көтере алады.

Айта кетейік, жаңа кешеннің құрылысы бірнеше жылға жалғасты. 2012 жылы шаңғы трассаларына халықаралық сәйкестік сертификатын беру үшін жобаға әлемдік жетекші сарапшылар тартылды. Құрылыс кезінде мамандардың барлық ұсынымдары ескеріліп, қорытындысында кез келген ірі көлемдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін сәйкестік сертификаттары алынды.

19 наурыз күні шаңғы базасында жарыстың алғашқы күні аяқталды. Скиатлон дисциплинасына отандық спортшылармен қатар Әлем чемпионатының қол жүлдегері, Қысқы Олимпиада ойындарында бес мәрте бақ сынаған украиналық Валентина Шевченко да қатысты.



Ерлер тобы 10 шақырымды классикалық стильмен жүріп өтсе, 10 шақырымды еркін стильмен еңсерді. Нәтижесінде, бірінші орынды Виталий Пухкало, екінші орынды Денис Волотка, үшінші орынды Сергей Малышев еншіледі.

Жасөспірімдер тобында бірінші орынды Никита Грезин, екінші орынды Иван Люфт, үшінші орынды Никита Жарносенко алды.

Әйелдер тобында бірінші орынды Анна Шевченко алды, күміс Елена Коломинада, ал қола медаль Марина Матросовада. 

Жасөспірімдер арасында бірінші орын Анжелика Тарасовада, екінші орынды Ксения Шалыгина иеленсе, үшінші орын Ксения Жердеваға бұйырды.

Жарыс ұйымдастырушылары - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті, «ҚР Ұлттық шаңғы жарысы федерациясы» ҚБ, Ақмола облысының әкімдігі.

 

Соңғы жаңалықтар