Саясат Нұрбек: Астана қаржы орталығын құрудың нағыз қажетті кезеңі туып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығының атқарушы директоры Саясат Нұрбек Үкімет үйінде қаржы орталығының басым бағыттары туралы сөз қозғады, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Дүние жүзінде қаржы жүйесі мен халықаралық қаржы орталықтарына байланысты өте қызық екі үрдіс болып жатыр. Біріншісі, көптеген мемлекеттер өздерінің халықаралық қаржы орталықтарын ашып жатыр. Әлемде 800-ге жуық қаржылық орталығы бар. Неліктен? Біріншіден, қазіргі таңда әсіресе, Оңтүстік Шығыс Азияда ақшаны, яғни байлықты шоғырландыру процесі жүріп жатыр. Қаржы қызметтеріне үлкен сұраныс арта бастады. Әсіресе, дамыған елдерде капиталды басқару өте жоғары деңгейде. Ол елдерде қаржы қызметінің дамыған нарығы бар. Яғни, ол мемлекеттер өздерінің елдерінде дамыған халықаралық қаржы орталықтарын ашуды жоспарлауда. Қазіргі таңда дамып келе жатқан Лондон, Нью-Йорк, Сингапур секілді халықаралық қаржы орталықтарының жанында қазір Бумбай, Бангкок, Ыстанбұл секілді қалаларда, кіп-кішкентай Эмираттардың өзінде екі қаржы орталығы бар. Яғни, бұл үрдіс қаржы қызметтеріне сұраныс артып келе жатқанын көрсетеді», - дейді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, жалпақ тілмен айтқанда, қаржы нарығында «бәсекенің көкесі» енді ғана қызып келе жатыр. Әл мемлекет өзінің шоғырланған капитал жүйесін көрсеткісі келеді.

«Біздің бір-екі басым бағыттарымыз бар. Қытай, Оңтүстік Шығыс Азия, ТМД елдері, Еуропа, Америка және Таяу Шығыс секілді бес үлкен нарық барын білесіздер. Әр аймаққа стратегиялық серіктестеріміз бар. Қайрат Нематұлы айтып кеткендей, Қытайға келетін болсақ, біздің биржамыздың негізгі серіктесі осы Шаңхай қоры болып табылады. Дүние жүзінде ол биржа төртінші орында тұр. Шаңхай қазіргі таңда Қытайдың негізгі қаржы орталығы. ТМД елдерінде Мәскеу қор биржасымен серіктестігіміз тығыз. Таяу Шығыста Дубай қаржы орталығы тұр. Еуропа нарығына келер болсақ, Лондон мен Франкфурттағы орталықтармен келісімшарттарымыз бар. АҚШ-қа келер болсақ, дүние жүзіндегі ең ірі үшінші қор биржасы біздің серіктесіміз болып табылады», - деді ол.

Саясат Нұрбек өз сөзінде қаржы нарықтарында инвесторлар үлкен екі топқа бөлінетінін атап өтті Бірі ақпаратты газеттерден тұтынса, екіншісі IT технологиялар арқылы жұмыс жүргізеді.

«Біз екі түрлі ақпарттық стратегиямызды дамытып, біріншіден Блумберг, СНН секілді ірі халықаралық агенттіктермен,  екінші сатыда біз әр аймақта кішігірім агенттіктермен жұмыс жүргізіп, әлеуметтік желіде белсенді жұмыс атқарамыз. Ақпараттандыру саясатын әр тарапты түрде жүргізуіміз керек. Үшінші басым бағытымыз өзіміздің ішкі нарықты ұмытпауымыз керек. Қазақстандық БАҚ-арқылы жұмыс атқарамыз. Қаржылық компанияларды алаңға тартуымыз керек. Неге десеңіздер, жергілікті қаржы көздері тартылса, ғана шетелдіктер қызығушылық таныта бастайды. Жалпы сөзбен айтқанда, үш бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қызығушылық өте зор. Неге десеңіз, жаңа Жібек жолы үлкен нарықты ортаға шығарып жатыр. Осы нарыққа әлем қызығып отыр. Былай қарасаңыз, үлкен Еуразия кеңістігінде мамандандырылған қаржы орталығы жоқ. Бұл жақта Ыстанбұл, анау жақта Шанхай қаржы орталығы десеңіз, ортадағы 2-3 мың шақырымдық кеңістік бос жатыр. Дәл Астана қаржы орталығының уақыты келіп отыр. Орталықты құрған жағдайда Қытай да, Еуропадағылар да бір қаржы платформасына енеді. Жаңа нарықта қаржы орталығы қажеттілігі зор», - деп түйді Саясат Нұрбек.

Соңғы жаңалықтар