Сауытбек Абдрахманов: Әуежайға Елбасының есімін беру - елдіктің келісті көрінісі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру - өте орынды шешім. Бұл туралы тілшілерге берген сұхбатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыны тамаша шешім деп бағалаймын. Бүкіл әлемде Қазақстанның жақсы аты шығып, экономикамыз қуаттанып, халықтың әл-ауқаты артып, еліміздің әлемдік аренадағы беделі биіктеп тұрғанында, әрине біздің Елбасымыздың ерен еңбегі бар. Жақында Тәуілсіздіктің 25 жылдығана орай қабылдаған тарихи Декларацияда Парламент Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы тарихи еңбегін белгілеу, сондай-ақ елдегі белгілі нысандарға Елбасының есімін беру ұсынысын жасаған болатын. Сол ұсынысымыздың қабылданғаны өте құптарлық. Қай жағынан алып қарасақ та, бұл өте орынды шешім»,-деді депутат Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Осы орайда С. Абдрахманов әлемде нысандарға атақты тұлғалардың есімін беруге қатысты мысалдар баршылық екенін атап өтті.

«Тек қана мемлекет басшыларының құрметіне аталған әуежайлардың өзінің саны 30-дан асады, ал тарихи тұлғаларға, белгілі көрнекті адамдарға арнап қойылған әуежайлар өте көп. Сондықтан біз оны елдіктің келісті көрінісі деп қуанышпен қабылдап отырмыз»,-деп атап өтті депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай , Астана әуежайы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып аталды.

Соңғы жаңалықтар